Елімізде мобильдік ақша аударымдары тексеріледі
Мәжіліс депутаттары салық кодексіне енгізілетін өзгерістер туралы құжатты бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңа нормалар кәсіпкерлерге салық жүктемесін арттырмайды. «Заң жобасына сай жаңа салық түрі енгізілмейді, тек көлеңкелі экономикаға жол бермеу үшін жасалып отыр», – дейді құжатты әзірлеуге бастамашы болған депутаттар.
Қазір не дүкен, не базар, не сауда үйіне кірсеңіз, мобильдік қосымшадан ақша аударып-ақ, қажетіңізді алып жүре бересіз. Мәжілісмендер мақұлдаған құжатта осы жеке кәсіпкерлердің электрондық есеп айырысу арқылы тапқан табысын реттеу тетігі қарастырылған. Заң жобасына арнайы норма енгізілді. Депутаттар жаңашылдықтың тұтынушы мен кәсіпкер үшін маңыздылығын нақтылады.
Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Кейбір кәсіпкерлер мобильдік аударымдарды белсенді пайдаланғанымен, салық төлемін әділетті төлемейді, яғни біраз табысын жасырады. Себебі фискалдық түбіртек берілмейді. Бұл мәселе бұрыннан талқыланып келеді. Осы норма енгізілсе, кәсіпкерлерге жүктеме көбейіп кетпейді ме?
Сергей Симонов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Расында кей кәсіпкерлер ақша айналымын толықтай жария етпейді де, салықтан жалтарып жатады. Сол себепті ашықтық болуы үшін құжатқа сай Салық кодексіне мобильдік төлем түрі енгізілмек. Мобильдік қосымшада аударымнан бөлек, төлем бөлімін ашқызуды ұсынамыз. Бұған қоса, түбіртекті шығару жеңілдетілмек, бұл кәсіпкерлер үшін есеп беру процесін оңайлатады.
Салық органдарының мәліметінше, елімізде биыл жыл басынан бергі 8 ай ішінде мобильдік аударым арқылы 43,2 трлн теңге көлемінде есеп айырысу жасалған. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин жаңа норма негізінде салықтың жаңа түрі енгізілмейтінін және кәсіпкерлерге салық жүктемесі ұлғаймайтынын қадап айтты. Екінші деңгейлі банктің құқы шектелмейтіні де айтылды. Тек мобильдік аударым арнайы төлем түрі ретінде заңмен бекітілмек. Жеке және бизнес төлемдерінің де аражігі ажыратылады.
Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Азаматтар тарапынан қазіргі күні жеке мобильдік қосымшадан тұрмыстық бағыттағы дүниелерге салық салынады ма? Ата анамызға, балаларға, мұқтаж адамдарға қаржы аударамыз, бұл аударымдардың негізгі мақсаты қалай жүзеге асырылады?
Марат Сұлтанғазиев, ҚР ҚАржы министрінің орынбасары:
- Ақша аудару туыстардың арасында ол қалады. Бұл заңмен тек төлемдерді заңдастырып жатырмыз. Істелінген жұмысқа төлемдер, ол жай ақша аудару емес ол «төлем» деп аталады.
Жүк көліктеріне салық азаяды
Құжатқа сай салық төлеушілерге алдын ала қарызы туралы хабарлама жіберілуі тиіс. Мәжілісмендер көлік салығына қатысты бірқатар мәселелерді ортаға салды. Мәселен, бүгінде «Газельдерге» салық салу автомобиль қозғалтқышы көлеміне емес, жүк көтергіштігіне байланысты белгіленеді. Бұл норма еліміздегі 96 мың жүк көлігіне қатысты қолданылмақ. Оны 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енгізу ұсынылды. Депутаттар жыл аяқталып қалғандықтан қайта есептеу қалай жүретінін сұрады.
Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Автокөлік салығын төлеу мерзімі заңды тұлғалар үшін 2021 жылдың 5 шілдесінде аяқталса, жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер үшін мерзімі 2022 жылғы 31 наурызда бітеді. Сондықтан да салықты төлеп қойған автокөлік иелері үшін қайта есептеулер қалай жүргізілмек?
Қаржы министрлігінің мәліметінше, жаңа талап бойынша төлем тек 2022 жылдан бастап енгізілмек. Сөйтіп, жүк көлігіне қатысты салық 2 есеге, ал жекелеген жағдайларда 6 есеге дейін азаймақ. Мәжіліс Төрағасы қазір ең бастысы мемлекеттік органдар қайта есептеулерді жедел, бюрократиясыз жүргізу керектігін айтты. Қажетті деңгейде түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн. Мәжілісмендер сондай-ақ қылмыстық процеске үш буынды модельді енгізу бойынша заң жобасын да мақұлдады. Оған сай прокурор қылмыстық қудалау органдары жинаған дәлелдерге тәуелсіз баға беріп, айыптау актісін өзі толтырады.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Әлібек Әлиев