Елордада арнайы экономикалық аумақтың әлеуеті артып келеді
Биыл мұнда бес кәсіпорын ашылды. Отандық өнімдердің дені Қытай, Еуропа, Түркияға экспортқа шығарылады.
Елордада шығарылатын парфюмдерді Ресей, Кувейт, Еуропаның бірқатар мемлекеті экспорттап отыр. 600-ден аса хош иіс ерлер мен әйелдердің көңілінен шыққан. Жылдан жылға сұраныс артып, тұтынушылар географиясы кеңеюде. Жақында өнімнің алғашқы легі Катар мен Бразилияға жөнелтілмек.
Алексей Трушкин, зауыттың бас инженері:
- Жылына 2,1 млн иіссу құтысын шығармақпыз. Қазір кәсіпорында 50 адам жұмыс істейді. Болашақта өндіріс автоматтандырылады. Бірақ жұмысшыларды да екі есе көбейтеміз. Қолданатын майларымыздың біраз өзіміздікі, біразын шеттен әкелеміз.
Бұл ғана емес, «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аумағында 55 кәсіпорын бар. Әзербайжан, Түркия, Ресей, Швейцария, қазақстандық инвесторлар қолдаған өнімдердің 90% сыртқы нарыққа шығарылады.
Бақытжан Досқазиев, «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аумағының жетекшісі:
- Биылдың өзінде «Астана – жаңа қала» экономикалық аймағында бес зауыт іске қосылды. Тағы екі зауыт жылдың соңына дейін іске қосылады. Жалпы сомасын айтқанда 55 зауытымызға 200 млрд теңге инвестиция тартылған. Соның ішінде биыл 10 млрд теңге инвестиция тартылған.
Соңғы үш жылда елордадағы арнайы экономикалық аумақта өндіріс көлемі 345 млрд теңгеден 800 млрд теңгеге, экспорт 3 млрд-тан 28 млрд теңгеге артты.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Нұрғали Мамырбаев