Мұздатылған балықты шетелге сату шектеледі
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бір адам жылына кемі 16 келі балық өнімін тұтынуы керек екен. Елімізде бұл көрсеткіш 4 келіге де жетпейді. Балық жайы Мәжілістегі Үкімет сағатында талқыланды. Елімізде су қоймаларынан жылда 40-45 мың тоннадай балық ауланады. Көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Сыртқа 25 мың тоннадай балық өнімдерін сатады екенбіз. Ал мемлекеттік ұйымдарға балық өнімдерін отандық өндірушілерден алу міндеттелмек. Сондай-ақ оны тыйым салынған құралдармен аулағандарға жаза күшеймек. Ірі айыппұл салынып, тіпті 15 тәулікке қамау көзделген. Осының бәрі әзірленіп жатқан заң жобасында қаралмақ.
Серікқали Брекешев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
- Балық өнімдерінің бағасы еттен төмен болып, оны тұрғындарға қолжетімді ету үшін мемлекеттік қолдау шараларын қабылдау керек. Осы жұмыстарды қолға алдық. Бізде балық шаруашылығына арналған субсидиялау бағдарламалары бар. Соларды дамытудың арқасында балық өнімдерінің көлемін ұлғайтып, тұтыну деңгейін көтереміз деп ойлаймыз.