Өзбекстан өз азаматтарын Еуропаға табыс табуға жөнелтеді
Бұған дейін Ресей ең ірі нарық саналып келсе, енді жағдай өзгере бастады. Ал кәрі құрлықта жұмыс күші жеткіліксіз. Көршіміз сұранысты өтеуге құлшынып отыр.
Оңтүстік көршіміздің сырт елдермен қаржы айналымында біраз айырмашылық бар. Экспортқа қарағанда импорттың үлесі басым. Мұны төлем теңгерімсіздігі деп атайды. Өзбекстан ғана емес, Қырғызстан мен Тәжікстан да осындай мәселеге тап болған. Алайда ала тақиялы ағайын сыртта табыс табу арқылы олқылықтың орнын толтырып келеді. Жыл сайын еліне 8 млрд доллар қаржы аударады.
Бұл – Өзбекстанның кей экспорттық өнімдерінен де көп көрсеткіш. Мәселен биыл мемлекет тек 1 миллиард долларға жеміс және көкөніс саудалаған. Ал шетелде еңбек ететін 2 миллион мигрант 8 есе көп пайда әкеліп отыр.
Ғиосжон Абдуохидов, еңбек мигранты:
- Сыртқы миграция қызметі құжаттарымды әзірлеп Кореяға жөнелтіп жатыр. Ол жақта табыс табуға жақсы мүмкіндік бар. 8 ай бойы тіл үйрендім. Бастапқы уақытта ақшадан тарықпауым үшін агенттік субсидия берді.
Сыртқы миграция агенттігі жұмыссыз жүргендерді оқытып, арнайы дағдыға үйретеді. Шет тілін ғана емес, заң талаптарын түсіндіреді. Сарапшылардың айтуынша, Еуропаның қызмет көрсету секторында маман тапшы. Сұранысты қанағаттандыру үшін Еуроодақ Өзбекстан азаматтарын қолдау бағдарламасын іске қосқан. Оның аясында шетелде жұмыс істеу жолдары жеңілдеп жатыр.
Еркін Мұхитдунов, еңбек қатынастары министрінің бірінші орынбасары:
- Көптеген елдердегі демографиялық ахуалды ескере отырып, Өзбекстанның еңбек миграциясы саласында мүмкіндігі орасан екенін байқап отырмыз. Корея, Жапония, Германиямен екіжақты келісімдер бар. Онда баратын мигранттар кәсіби дағды және тіл үйрену курсы ұйымдастырылды.
Шарлотта Адриан, Еуропалық Одақтың Өзбекстандағы елшісі:
- 2 миллион өзбекстандық Ресейде еңбек етеді. Егер ондағы жағдай қиындаса, мигранттар еліне қайтып, жұмыссыздық артуы мүмкін. Біз енгізген бағдарлама біліктілікті арттыруға бағытталған.
Осы күні кей Қазақстан азаматтары да сыртта еңбек етіп жүр. Алайда мемлекет тарапынан оларды қолдау аз.
Виктор Микрюков, Қазақстан Құрылыс салушылар қауымдастығының басшысы:
- Біздің елде 500 мыңнан астам адам жұмыссыз. Азаматтарымызды оқытып, шетелге жөнелтуімізге еш кедергі жоқ. Өзбекстан осы бағытта тиімді тәжірибе қолданып жатыр.
Орталық Азияда жұмыс күші жөнінен ең ірі нарық қазірдің өзінде кәрі құрлыққа дайын медициналық персонал жөнелтеді. Енді ел билігі техникалық мамандарды көбірек оқытуға ден қойып отыр.
Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов