Қазақстандық кәсіпкерлер Өзбекстан нарығына көптеп қаржы құя бастады
Ташкентте қазақстандық компаниялардың бірі тұрғын үй кешенін салуға кіріссе, енді бірі көлік-логистикалық терминалдың іргетасын қалады. Ал Науаидегі минералды тыңайтқыш шығаратын зауыт жобасына отандық инвестиция құйылды.
Ташкент тұрғыны Бахтиёр Машрапов көлік жөндеуші болып жұмыс істейді. Бұған дейін Қазақстанда 3 жылға жуық қызмет еткен. Қазір шағын кәсібі бар. Жиған-тергені көлік шеберханасын ашып, 20-дан аса адамды еңбекпен қамтуға жетті.
Бахтиер Машрапов, кәсіпкер:
- Тараз қаласында еңбек еттім. Сынған, соғылған көліктерді қалпына келтірумен айналыстық. 3 жыл ішінде жақсы табыс таптым. Шеберханамда ондаған адам жұмыс істейді. Бұрын сырт елде екі қолға бір күрек іздейтін едім. Қазір өзім жергілікті жігіттерге жұмыс ұсынамын.
Өзбекстанның еңбек мигранттары тек Қазақстанда ғана емес, Ресей, Корея, Түркияға да аттанып, табан ақы, маңдай терімен табыс тауып жүр. Кейбірі Отанына қайтуға әлі асық емес. Өзбекстан үкіметіне бұл тиімді жағдай.
Зейнал Гаджиев, Орталық Азиядағы көші-қон ісі бойынша халықаралық ұйымның үйлестірушісі:
- Өзбекстан үшін сыртқы көші-қон маңызды рөл атқарады. Өзге елде еңбек етіп жүргендер экономикаға қомақты инвестиция құйып жатыр. 2021 жылы мигранаттардың сырттан әкелген қаржысы 8 млрд доллардан асса, былтыр да осы шамаға жетті. Оның көбі Ресей, Корея, Қазақстан сынды елдерден аударылып жатыр.
Бұл жағдай Өзбекстан Орталық банкінің төлем жүйесіндегі теңсіздікті жойып келеді. Бұған Қазақстанның да оң ықпалы бар. Былтырғы 11 айда еліміздегі жеке тұлғалар Өзбекстанға 276 млрд теңге аударған. Түркияға да осынша шамада қаржы жөнелтілді. Ресей, Қырғызстан және Грузия бұл тізімде төменгі сатыға жайғасты. Жалпы Қазақстанда халықаралық аударымдардың артуына әлемдегі геосаяси жағдай да себеп. Мәселен, Ресейде visa, mastercard сынды төлем жүйелері бұғатталған. Ондағы кей азаматтар еліміздегі банктерде шот ашып, халықаралық аударым жасауды жөн көреді. Ал Өзбекстанмен алыс-беріс бұрыннан бар. Кейінгі кезде отандық кәсіпкерлер көрші ел нарығына көптеп қаржы құюға кірісті. Ташкент және Науаиде басталған тың жобалар құрылысы келешекте екі елдің байланысын одан әрі нығайтады.
Авторы: Рауан Мыңбаев