Қазақстан мен АҚШ-тың өзара тауар айналымы артты
Былтыр Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының өзара тауар айналымы 3 миллиард доллардан асты. Бұл — екі ел арасындағы соңғы отыз жылдағы рекордтық көрсеткіш. Пандемиядан соң алыс-беріс 37% өскен. Соның ішінде экспорт 32%, ал импорт 40% артыпты. Қазақстан негізінен шикізат, темір, құбыр, тантал экспорттайды. Ал АҚШ-тан жеңіл автокөлік, ет, құс етінің өнімдері, дәрі-дәрмек, вакцина сияқты тауарлар келген. Инвестиция саласында да өсім бар. Былтыр 9 айда АҚШ Қазақстан экономикасына 5 млрд долларды салды. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 59% артық. Әрине негізінен мұнай-газ, энергетика саласына ақша құйған. Екі ел баламалы энергия көздері және көміртекті өндіру, білім беру салаларындағы әріптестікті әртараптандыруға мүдделі. Әсіресе жасыл энергия, IT, ауыл шаруашылығы, сирек кездесетін металдар, тау-кен өнеркәсібі, өңдеу және жеңіл өнеркәсіпке басымдық берілмек.