Сауда ережесін бұзғандар жауапқа тартылды
Еуразиялық экономикалық одақ нарығындағы сауда ережесін бұзғандар жауапқа тартылды. Бұл туралы Бухгалтерлік есеп және аудиторлық қызметтер нарығындағы бәсекелестікті қорғау туралы жиында айтылды.
Еуразиялық экономикалық комиссия Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Бақыт Сұлтановтың сөзінше, компаниялардың іс-әрекеті экономикалық одақ туралы шарттың 76-бабында тыйым салынған жосықсыз бәсекелестік деп сараланды.
ЕЭК өкілдері кәсіпкерлер мен қауымдастық мүшелерінің сұрақтарына жауап берді. Бәсеке талабын сақтау, заң бұзушылыққа жол бермеу тәртібі туралы айтылды. Шараға онлайн қосылған Бақыт Сұлтанов, шекаралық нарықтағы сауда қағидасы жиі бұзылатынын айтты. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде тең құқықты бұзғандар әкімшілік жауапқа тартылуда. Мысалы, Еуразиялық экономикалық комиссия шешімімен 8 іс сотқа жолданған.
Сапар Көшкімбаев, ҚР аудиторлар палатасының төрағасы:
"Бұл түйткілдерді кәсіпкерлерге түсіндіру үшін осындай алаң ұйымдастырдық. Бухгалтерлік есеп және аудиторлық қызметтер нарығындағы бәсекелестік тең болу үшін одақтың заңы ескерілуі керек. Қазір тәртіпті сақтағандар сауданы жалғастырып, заңды белшесінен басқандар ісі тоқтады".
Бәсекелестікті белден басу – СРА Eurasia сертификаты аясында да анықталған. Бұл халықаралық сауда-саттық құжаттарын рәсімдейтін бухгалтерлер мен аудиторларға берілетін лицензия. Кейбір пысықайлар рұқсат қағазды заңсыз жасап, шекаралық сауда заңын бұзуда.
Алексей Сушкевич, ЕЭК монополияға қарсы реттеу департаментінің директоры:
"Бухгалтерлік есеп және аудиторлық қызметтер әлеміндегі бизнес теңдік пен әділдікке негізделуі керек. Шекаралық сауда қағидасын сақтамаған кәсіпкер жұмысы тоқтайды. СРА тауар белгісін рұқсатсыз пайдаланғануға болмайды".
Департамент директорының мәліметінше, соңғы үш жылда заңсыз бәсекелестік бойынша 70 арыз қаралған. 28 дерек тексеріліп, 15-і бойынша іс қозғалған.