Мемлекетке 760 млрд теңге қаражат қайтарылды
Сыртқа заңсыз кеткен 760 миллиард теңгенің дүние-мүлкі елге қайтарылды. Бұл туралы ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында айтылды. Олар Лихтенштейн, Австрия және Біріккен Араб Әмірліктерінен келген. Бас Прокуратураның мәліметінше, шекара асқан қаражатты кері қайтару үшін қазір халықаралық ұйымдармен қарым-қатынас орнатылып жатыр. Мәселен, өткен айда швейцариялық институттардың бірімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған. Комиссия ел ішінде де қолды болған құнды қағаздар мен дүние-мүліктерді анықтапты. Айталық, Алматы ауыр машина жасау зауытының 31% акциясы заңсыз жекешелендірілген. Енді қайтарылған дүниені іске жарату мәселесі арнайы заңмен реттеледі.
Зейін Әліпбек, активтерді қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ресми өкілі
-Жақында Заң Парламент қарауына түсу керек. Қателеспесем, келесі аптада. Бұл Заң енді үлкен жол ашайын деп тұр осы активтердің қайтарылуына. Себебі мұнда бірнеше мәселе қарастырылған. Қайтып жатқан дүние-мүлік пен активтер, қаражаттарды солардың бәрін жинақтайтын, соны ары қарай жарататын арнайы мемлекеттік қор құру туралы мысалы, ұсыныстар бар. Ендігі жерде бәлкім, қылмыстық іс бітпей жатып, фигуранттардың есім-сойын атай беруге болатын шығар.