Ауыл дәрігерінің айлығы 800 мың, бірақ... Медицина мекемелері қарызға белшесінен батқан
Жақында Медициналық Сақтандыру қорының басшысы Сәбит Ахметов ауылдағы дәрігердің айлығы 1 миллионға жетіп қалды деп мәлімдеме жасады. Депутат Мұрат Әбенов Денсаулық сақтау министірі Ажар Ғинаяттан «расында ауылдағы дәрігер ай сайын миллион теңге жалақы ала ма» деп сұрағанда, Министр миллионға жете қоймадық - 800 мыңға жақындап қалды» деді.
Егер ауыл дәрігерінің айлығы миллионға жақындап қалса, неге ауылды жерде маман тапшылығы шешілмей отыр? Бұл сауалға қарапайым журналист қана емес, тіпті мандат беріп, Үкіметті бақыла деп аманат артқан депутаттарымыз да дәл жауап бере алмай отыр. Ал алыстағы ауыл емес, кеше ғана облыс орталығы болған Арқалық қаласының медициналық мекемелері қарызға белшесінен батып барады. Жалпы Қостанай облысындағы денсаулық сақтау нысандарының қарызы 3 млрд теңгеге жетіп қалған.
Арқалық қаласының тұрғыны Гүлнұр Есқабылованың аурухана жағалап жүргеніне үш жарым жыл болыпты. Осы аралықта оған он рет ота жасалған. Сап-сау келіншектің қиямет-қайымы төртінші балаға жүкті болғанда басталыпты.
Гүлнұр Есқабылова, Арқалық қаласының тұрғыны:
- Төртінші балаға жүкті болған кезімде Арқалық өңірлік ауруханасына бардым. Сол кезде жас маман тазалау кезінде жатырға зақым келтірген. Кейін менде қан тоқтамағаннан кейін Астана қаласына барып, Ардақ Елелович деген кісі қарады. Сол кісі айтты, Арқалықта дұрыс тазаламаған, жатырыңа зақым тигізген, емдеп көрем деді. Кейін үш операция болды. Киста шығып, эндометрия шыққаннан кейін, жатырды алып тастауға ота жасады. Қан айналымы жоқ, кейін анамения басталды.
«Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» дегендей одан кейін Гүлнұр қан жетіспеушілігенен басы айналып құлап, бұғанасын сындырған. Тағы операция. Қарауы, жасауы дұрыс болмады ма, бес айдан кейін жара орыны іріңдей бастаған. Инфекция түскен дейді. Содан бері бес рет ота жасалыпты. Одан да оңалып кете қойған жоқ.
Гүлнұр Есқабылова, Арқалық қаласының тұрғыны:
- Мен өтініш жазғамын. Ол форм-контролға берген екен. Ол кісілер дұрыс шешім шығармапты. Өйткені мен білмеймін келіспеймін, қалай дәргердің кінәсі жоқ дейді? Ол кісілер біліп отыр менің бұғана сүйегім қисық тұрғанын. Гной хроничемкиий астемидке айналдырып жіберген осы дәрігерлер. Тікелей Арқалық өңірлік аурханасының дәрігерлері кінәлі, егер ол кісілер дұрыстап қарағанда бұлай болмас еді.
Гүлнұрдың жұбайы Данияр үш жылдан бері жалғыз басты әкенің күйін кешіп жүр. Кәмелетке толмаған үш баласы, қарт анасы, дерт меңдеген зайыбы қысқасы бір басында мұң-мұқтажы зіл батпан. Сондықтан әрине медицинадағы шикілікті басқадан гөрі жақсы сезінеді.
Данияр Шакин, Арқалық қаласының тұрғыны:
- Жергілікті жердің бюджетіне бөлінетін дәрі-дәрмектер бар. Ол дәрілер қайда. Неге бізден сұратады оны. Қарапайым ғана, физраствор, шприц, катетр дегендерді мемлекеттің қарамағынан бөлінетін дәрілерді біздерден сұратады.
Арқалық өңірлік ауруханасының бас дәрігері міндетін атқарушы Ерлан Амалбеков дәрілердің жетпей қалатын кезі болатындығын жоққа шығармайды.
Елнар Амалбеков, Арқалық өңірлік ауруханасының бас дәрігері міндетін атқарушы:
- СК Формациядан кешігіп келетін кездері болады. Кейде жолдың қашықтығы бар, шалғайлығы бар. Бізді СК Формация ЖШС қамтамасыз етеді дәрі-дәрмекпенен және де Фармаком. Сол қыс уақыттарында ауа-райының қолайсыздығына байланысты кешігіп жатады. Қалған уақыттарда, қазіргі таңда дәрі-дәрмекпен жеткілікті.
Ал біздің кейіпкерімізге қатысты, аурухана басшысы дәрігерлер тарапынан ешқандай кінә жоқ дейді. Бірнеше мәрте жүргізілген тексерістер ешқандай қателік таппаған. Тиісті медициналық көмек көрсетілді, ал ауруының асқынып кетуіне отбасылық, тұрмыстық жағдай себеп болған шығар деген болжам айтады.
Елнар Амалбеков, Арқалық өңірлік ауруханасының бас дәрігері міндетін атқарушы:
- Ауруының себебі қателеспесем 2019 жылы болған оқиға, біздің аурухананың босану бөлімшесіне келіп түскен. Бізде медициналық көмектің барлығы толығымен көрсетілді. Бізден шыққаннан кейін күтілмегеннің салдары шығар. Отбасылық жағдайға байланысты шығар. Бірақ КМФ, прокуратура барлығы тексерді. Біздің тарапымыздан ешқандай кінә табылған жоқ.
Қалай дегенмен де медицина саласында қордаланған мәселе аз емес. Мысалы Арқалықта өткен жылы жаңа туған бес сәбидің өлімі тіркелген. Шағын қалаға бұл аз емес. Мұндағы ақ халаттылар оны әйелдердің уақытылы тіркеліп, қаралмайтындығымен түсіндіреді. Одан қалды соңғы бір-екі жылда өңір медициналық мекемелердің барлығы дерлік белшесінен борышқа батқан. Мысалы Арқалық ауруханасының бүгінгі қарызы 278 миллион тенгеге жеткен. Ал әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан бөлінетін қаржы жалақымыздан артылмайды - дейді.
Елнар Амалбеков, Арқалық өңірлік ауруханасының бас дәрігері міндетін атқарушы:
- Бізге айлық үшін кемінде 89 миллион керек айына. Оның ішінде бүкіл налогомыз бар. Сонда бізге ФОМС-тан түсетін 91 миллион қаржы. Сонда бізде қалады 3 миллион ғана. Бізге оның сыртында басқа поставщиктерге беруіміз керек.
Қысқасы, өңірлік ауруханалардың коммуналдық қызмет, дәрі-дәрмек, ас-тағам үшін төлеуге мүмкіндіктері жоқ. Ал әлеуметтік медициналық сақтандандыру қорының өкілдері бекітілген емдеу тарифінен артық ақша бере алмаймыз деп отыр. Бұл тығырықтан шығудың бір жолы – ауруханалар мен емханаларды біріктіру. Сонда қаржы үнемделеді. Немесе емдеу тарифін көтеру қажет. Бұл дәрігерлердің ұсынысы. Ал қор басшысы мұнымен келіспейді.
Батырбек Нұрғалиев, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының директоры:
- Штатты, стационарлық кереует санын ықшамдау керек. Мысалы Арқалықта орта буын медициналық мамандар Лисаковқа қарағанда екі есе көп. Ал қызмет көрсететін тұрғындардың саны бірдей десе болады. Аурухана мен емхананы біріктіргеннен ештеңе өзгермейді. Оңтайландырудан басқа амал жоқ. Егер олай істемесек, аудандық ауруханалардың қарызы қордалана береді.
Кредиторлық қарызға батқан жалғыз Арқалық өңірлік ауруханасы ғана емес. Бұл облыстағы көптеген медициналық мекеменің басында бар жағдай. Соңғы мәліметке сүйенсек, облыстағы ауруханалардың жалпы қарызы 3 миллиард тенгеге жеткен. Тағы бір айта кетерлік жәйт, денсаулық сақтау саласындағы жауапты қызметкерлер медицинаға қатысты мәселелер жайында ашып айтқысы жоқ. Ауруын жасырған өледі дегенді басқа-басқа ақ халаттылар жақсы білсе керек еді.
Мағауия Қалиев Сергей Трахтенберг «7 күн».