Ақтөбе облысында «Бұхара-Орал» газ құбыры тартылады
Ақтөбе облысында құрылысы басталған «Бұхара-Орал» магистральдық газ құбырының үшінші желісі келер жылдың күзінде іске қосылады. Бұл туралы бүгін өңірге жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов мәлім етті. Жалпы құны 43,4 млрд теңге болатын жоба – өңір үшін аса маңызды. Жаңа жоба Ақтөбе мен оған іргелес жатқан елді мекендердің одан әрі дамуын қамтамасыз етіп, өнеркәсіп нысандарын қажетінше көгілдір отынмен жабдықтауға септігін тигізеді. Магистральдық құбырдан тартылып жатқан үшінші желінің ұзындығы – 165 шақырым және сағатына 526 мың текше метр газ өткізуге қауқарлы.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
-Жылына қуаттылығы 2.4 млрд текше метр газ қосымша өңірдің экономикасына, Ақтөбеге, соның маңайындағы жобаларға берілетін болады. Сондықтан біз бұл жобаны іске асыруымыз керек. Біз бұны уақытында келесі жылдың күзіне дейін аяқтауымыз қажет.