Биыл ел экономикасы 4,8% өсті
Ел экономикасы биыл 7 айдың қорытындысы бойынша 4,8% өсті. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың есебінше, негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалады. Әсіресе құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс салалары ең жоғары өсім көрсеткен. Көш басында – құрылыс саласы.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,2% ұлғайды. 17 өңірде оң өсу тіркелді. Әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Жетісу, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Абай облыстарында байқалды. Ағымдағы жылғы қаңтар-шілдеде 8,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,7% жоғары.
Ал Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, жыл басынан бері мемлекеттік бюджетке 10,4 трлн теңге кіріс түскен. Атап айтқанда республика бюджеті 6,8 трлн теңгеге, жергілікті бюджет 3,5 трлн теңгеге толығыпты. Бірақ ел қазынасынан бөлінген қаражатты толық игере алмай келе жатқан министрліктер бар. Мәселен, Экология және табиғи ресурстар, Мәдениет және спорт, Төтенше жағдайлар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму мен Оқу-ағарту министрліктері бас-аяғы 78 млрд теңгені уақытында жұмсай алмаған.