Үкімет басшысы орта бизнес өкілдерімен кездесіп жатыр
Алматы, Түркістан, Жамбыл және Жетісу облыстарының кәсіпкерлері Премьер-Министрге бұйымтайларын айтты.
Әлихан Смайылов оңтүстік өңірлердегі іскерлік белсенділікті жоғары бағалай отырып, 4 облыста да даму динамикасы бар екенін атап өтті. Жиында орта бизнестің жұмыс істеп тұрған және іске қосылатын жаңа жобалар таныстырылды. Өз кезегінде кәсіпкерлер несиелеу мен субсидиялаудың қолжетімділігін арттыру, көлік логистика мәселері, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, заңнама нормаларының сақталуы сияқты мәселелерді көтерді. Металлургия, ет, сүт, құс, мақта шаруашылықтарын қолдау, Қорғас-Шығыс қақпасы арнайы экономикалық аймағының тиімділігін арттыруға байланысты ұсыныстарын да айтты.
Премьер-Министр атап өткендей, былтыр шағын және орта бизнес – 27, осы салада жұмыспен қамтылғандар саны – 18% артып, 4 млн 100 мың адамға жеткен. Саланың ішкі жалпы өнімдегі үлесі - 36,5% өсіпті.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Салықтық әкімшілендіру рәсімдерін оңайлатуды және цифрландыруды көздейтін жаңа салық кодексін әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң жобасы шеңберінде сатып алу процестерін оңайлату және толық автоматтандыруды қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнесті қосымша ынталандыруға мүмкіндік береді.