«Қазақстан халқына» қорының қаражаты қалай жұмсалу керек?
Мемлекет басшысы халыққа арнаған былтырғы жолдауында Ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсау тоқтатылатынын айтқан. Өте өзекті мәселеге нүкте қойып, қордың қаражатын аса қажет инфрақұрылымды дамытуға және еліміз үшін маңызы зор жобаларды қаржыландыруға бағыттауды тапсырған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Самұрық-Қазына» қоры таза пайдасының кемінде 7% «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударатын болады. Бұл – Жаңа Қазақстанның сипатына сай келетін маңызды бастама. Сондай-ақ табысы мол кәсіпкерлер мен азаматтар қорға демеушілік көрсете береді деп сенемін.
Осылайша 2022 жылдың қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры «Қазақстан халқына» қорына 66,6 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдаған. Ал «Қазақстан халқына» қорының мәліметінше «Самұрық-Қазынадан» аударылатын қаражатты есептемегенде, тек қайырымдылық жарналарының өзі қазір 156 млрд теңгеге жеткен. Бүгінгі таңда бұл қаржыға медицина, білім, спорт секілді 6 бағытта 30 астам қайырымдылық бағдарламасы іске асырылып жатыр.
Айталық өмірге қауіп төндіретін және орфандық аурулары бар 324 қазақстандық жалпы сомасы 25 млрд теңгеге жуық қымбат дәрілік препараттармен қамтамасыз етілген. 20 пациент жалпы сомасы 585 млн теңгеге шет елдерде ем алған. 96 балаға 931 млн теңгенің инновациялық протездері сатып алынған. Алдағы оқу жылына халықтың әлеуметтік осал санаттарынан шыққан студенттерге 850 білім беру гранты бөлініп, 17 өңірде білім ошақтары жаңартылуда. Сондай-ақ ауылдық жерлерде 24 спорт залы салынып, елімізде алғаш рет параспортшыларға арналған жүгіру мектебі ашылды.