Экономикалық сұрақтар бойынша сарапшылар кеңесі құрылды
Жаңа ұйым Президент жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтынан ашылып отыр. Оған Мемлекет басшысының кешегі Жолдауы сеп болған. Кеңесте қаралған мәселелердің нәтижесі Президент әкімшілігі мен Үкіметке жолданады. Экономикалық сарапшылардың алғашқы отырысында да Жолдау жүктеген міндеттер талқыланды.
Атап айтсақ, мемлекеттік жоспарлау жүйесі. Президент оны түбегейлі өзгерту керектігін, бізге оның мейлінше шағын және қолайлы болғаны маңызды екенін айтқан болатын. Ал ол үшін қаптаған бюрократиядан арылу қажет.
Олжас Құдайбергенов, экономист:
- Әрбір министрлікке автономия беру керек. Олар өз лимиті ішінде қандай шешім қабылдайды, өзі біледі. Мұндай практика әрбір дамыған мемлекетте бар. Ал ол жерде өздеріңіз білесіздер, коррупцияның деңгейі де өте төмен. Қазіргі таңда бір шешім қабылдау үшін Премьер-Министрдің үкімі болу керек, одан бір комиссия құрылады. Бірнеше коллегиялдық шешімдер болады. Қазір енді соның бәрін алып тастау керек.