«Ұлттық қор – балаларға» жобасы қашан іске асады?
Келер жылдың 1 ақпанынан бастап Ұлттық қордың табысынан балаларға ақша аударыла бастайды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Ұлттық қор – балаларға» жобасы 18 жасқа дейінгі әрбір Қазақстан азаматын қамтитын болады.
Қаражат Ұлттық қордың Инвестициялық табысының 50% бөлінеді және ол нақты екі мақсатты көздейді. Бұл – елде немесе шетелде білім алу және тұрғын-үй жағдайын жақсарту. Айта кету керек жеткіншек 18 жасқа толғанға дейін ақша Ұлттық қордың айналымында жүреді және ол ақшаны шешкенге дейін АҚШ долларында сақталатын болады. Егер жазатайым жағдай болып, бала өмірден өтсе, қаражат отбасы мүшелеріне мұраға қалдырылады. Сондай-ақ Қазақстан азаматтығынан шыққандар бұл ақшаны ала алмайды.
Дәурен Темірбеков, ҚР Қаржы вице-министрі:
- Әр балаға қанша аударылатыны екі маңызды факторға байланысты. Ол 18 жылға орталандырылған 50% инвестициялық табыс және 2024 жылдың 1 қаңтарындағы қатысушылар, яғни баланың саны. Дәл қазір 24 жылдың 1 қаңтарында бала саны қанша болатынын дөп басып айта алмаймыз, себебі күніне бірнеше жүз нәресте өмірге келеді. Сондықтан ақпандағы алғашқы төлем қанша болатынын болжау қиын. Анық бір нәрсе бар: төлем барлық қатысушыға бірдей бөлінеді.