Үкімет ауыл шаруашылығын субсидиялауға 30 млрд теңге бөлді
Ауыл шаруашылығында күрмеулі мәселе көп. Соның бірі – ветеринария саласы. Алдағы уақытта қазақстандық мал шаруашылығын не күтіп тұр? Елордада отандық кәсіпкерлер бас қосты. Жуырда ел Үкіметі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдау көрсету үшін резервтен 30 млрд теңге қаржы бөлген-ді. Соның есебінен мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға субсидиялардың берешегі төленеді. Ал ол бәріне бірдей жете ме? Саланың қазіргі жайын таразылап көрсек.
Дамир Берікұлы, шолушы:
- Иә, субсидия – шаруалар үшін едәуір көмек. Бірақ оған екінің бірі қол жеткізе алмайды. Ол туралы сараптама барысында баяндаймын. Ал қазір 30 млрд кімге және қалай бөлінгенін айтамын.
Үкімет қаржысының жартысынан астамы Ақмола облысының шаруаларына тиесілі. Оларға бас-аяғы 16 млрд теңгеге жуық субсидия үлестірілді. Оның басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға бығатталса, қалғаны егіншілерге беріледі.
Дулат Сердәлі, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- 16 млрд-тың 1,5 млрд – бұл өсімдік шаруашылығына жанағы тұқым алуға, тұқымды субсидиялауға бөлінген қаржы. Мал шаруашылығына 7,8 млрд теңге бөлінді. Ал 4,1 млрд техникамен құрылғыларды алуға бөлінді. Өсімдік шаруашылығына бөлінген қаржы толық игерілді. Қалған қаржы мал шаруашылығы мен техниканы сатып алуға арналған қаржы осы жұманың ішінде басқарма бюджетіне келетін болады.
Қосымша қаржыға қол жеткізетіндердің қатарында Жамбыл облысы да бар. Әулиеата шаруаларына 5 млрд теңге бөлінген. Ол 2 мыңнан астам шаруаға субсидия ретінде беріледі. Бірақ оның өзі жетпейді. Өйткені тағы жүздеген кәсіпкерге 1 млрд теңге көмек қажет.
Нұрсұлтан Ақжолов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Егер де қаражат жетіспей қалған жағдайда күту парағында қалған шаруа қожалықтардың өтінімдері болатын болса, ол бізде 2024 жылға бөлінетін қаржы есебінен көктемде төленетін болады.
Жалпы мемлекеттен биыл агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға бас-аяғы 500 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Бірақ оны мал ұстап отырғандардан екінің бірі ала алмайды. Ол үшін ауылдағы ағайынға кооперативтерге бірігу қажет. Одан қалды шаруалардың шабындық немесе жайылымдық жері болуы тиіс. Ал ол тіпті қиямет қайым. Президент бұл мәселені ретке келтіруді тапсырған болатын. Алайда әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өнім өндіру үшін ең алдымен жер керек. Жері жоқ адам бизнеспен айналыса алмайды. Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуі тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық.
Мақсұт Бақтыбаев, Қазақстан ет одағының төрағасы:
- Біз бұл мәселені көтеріп жүргелі көп болды. Қазақстанда жайылым жер жетеді. Бірақ оны алу оңай емес. Ол үшін арнайы сайт ашып, оған бос немесе пайдаланылмай жатқан жерлерді енгізу қажет. Сосын оны жұмыс істейтін шаруалардың онлайн алуына мүмкіндік беру керек. Сонда ғана сыбайлас жемқорлықтан арыламыз. Ал қазір барлық мәлімет әкімдіктердің қолында.
Елордада мал шаруашылығымен айналысып жүрген отандық кәсіпкерлер бас қосып, саладағы мәселелерді талқылады. Қазақстан ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаевтың сөзінше, мемлекеттен қаншама көмек көрсетіліп жатқанымен ата кәсіппен шұғылдануға қолбайлау болып отырған кедергілер әлі де бар. Солардың бірі – экспорттың тоқтауы. Пандемиядан кейін көрші елдерге мал сату күрт төмендеді. Ал Қытай қазір бізден мүлдем ет алмайтын болған. Алайда күні кеше ғана Ауыл шаруашылығы министрлігі Қытаймен келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде олармен сауда-саттық жанданады деген үміт пайда болды.
Мақсұт Бақтыбаев, Қазақстан ет одағының төрағасы:
- Қытайға ет сату алдағы жылдың ақпан немесе наурыз айларында жанданады деп болжам отырмыз. Бірақ бізге Бразилиямен бәсекелесуге тура келеді. Себебі олар сиыр етінің келісін 5 еуро шамасында ұсынып отыр. Дегенме қазақстандық шаруалар жаңа сойылған мал етімен басымдыққа ие болады. Ал Өзбекстанға бұрын жылына 200-250 мың бас мал сататынбыз. Қазір бұл көрсеткіш 4-5 есе азайды. Сондықтан оны да көбейтуге күш салу қажет. Себебі эскпортсыз мал шаруашылығын өркендету мүмкін емес.
Мал шаруашылығынан табыс табу үшін кемінде 5-6 жыл қажет. Ал сол уақыт аралығындағы кедергілердің барлығы кәсіпкерлерге жығылған үстіне жұдырық болады. Сондықтан одақ қазір дайын фермалар жобасын ұсынып отыр. Ол бойынша мемлекет ет немесе сүт бағытындағы шаруашылықтарды өзі жабдықтап, жұмыс істеп тұрған күйінде айналысқысы келетіндерге несиеге береді.«Бұл кіріске қол жеткізу мерзімін едәуір қысқартар еді», - дейді олар. Ата кәсіптің алға баспауына тағы бір себеп – ветеринарлық саланың кемшіліктері.
Оразхан Назаров, ҚР Ветеринарлық палатасының төрағасы:
- Бізге шет елдерден малдар кіреді. Қымбат, мемлекеттің субсидиясына алынған породалық малдар кіреді. Оларға шетелдік вакциналар салу керек. Ал шетелдік вакциналар бізде тапшы. Себебі қазіргі геополитикалық саясат бар, басқа бар. Біз профилактика жасаумен бүкіл мал шаруашылығын өте үлкен қауіптерден сақтап қалуымыз қажет.
«Ал екпе салу Қазақстанда міндетті емес. Әркім өз білгенін істеп жатыр», - дейді сала мамандары. Мұның арты түрлі індеттердің пайда болуына алып келеді. Мәселен, елде қазір ірі қаралардың арасында бруцеллез көп. Салдарынан жыл сайын мыңдаған мал арам өледі.
Есенгелді Бәкімбаев, ШҚО ветеринарлық дәрігерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
- Бруцеллезден келген шығын бүкіл малдың басқа ауруларын қоса есептегенде одан бірнеше есе артық. Өйткені басқа аурулардан келсе, бір 5-10 бас шығып, өліп қалса, ал мынау хронический ауру ішіне кіріп алады да, кетпейді. Оны шығару өте қиын. Оның себебі – малдың бей-берекет көшіп қонуы. Қадағалаусыз көшіп қонады. Сондықтан бұл жұмысты атқаруды Үкімет өз мойнына алу керек. Оларды қадағалайтын ветинспекция мамандары ауданда отырады. Олар ауылда не боп жатқанын білмейді.
Ал осы секілді аурулар мал басының азаюына сеп болып отыр. Статистика мәліметі бойынша Қазақстанда қазір 9 млн бас ірі қара бар. Алайда сарапшылар бұл көрсеткіш шын мәнінде 7 млн шамасында дегенді айтады. «Себебі ет өндірісі едеуір төмендеп жатқанда, мал басы көбейді деп айту ақылға сыймайды», - дейді олар.
Сондықтан келесі жылы тамызда ауыл шаруашылығы санағы басталады. Оның аясында барлық қалалар мен ауылдардағы агрокәсіпорындар, жеке шаруалар, фермерлік қожалықтармен бау-бақша және саяжай кооперативтері мал-мүлкімен қоса есепке алынады.
Дамир Берікұлы, шолушы:
- Соңғы рет мұндай шара елімізде 2006-2007 жылдары өткізілген. Үкіметтегілер бұл жұмыс ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы толық ақпарат алу үшін керек. Себебі сенімді деректерсіз саланың дамуын сапалы жоспарлау қиын деп отыр.