Мобильді аударым: Туыс пен достарға жіберілген аударымдар тексеріле ме?
Ауладағы дүкеннен бастап такси жүргізушілеріне дейін мобильді аударым қабылдаудан бас тартып жатыр. Себебі шотына 100 аса аударым түссе, мәлімет бірден салық органдарына жолданады. Сондықтан қолма-қол ақшаға деген сұраныс артты.
Тіпті кей жерде қағаз ақшадан бөлек төлем қабылдамайды. Ал бұл қаншалықты заңды? Көлеңкелі кәсіпті тыюдың жолы мәселені ушықтырмай ма?
Дана Әлиева, тілші:
- Елдегі қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесі 86% жетті. Баладан бастап қарияға дейін барлығы онлайн төлемдерге әбден үйреніп қалған. Кейде қажетін тіпті мобильді аударымдар арқылы ала береді. Алайда биыл жағдай өзгереді.
Аударымдар арқылы салықтан жалтарғандар енді жіті тексерілмек. Ай сайын 100 аса жан 3 ай қатарынан аударым жасаса, салық органдары хабардар болады. Әсте бұл өзгеріс көпке ұнаған жоқ.
Дулат, сатушы:
- Халыққа да, бізге де ыңғайлы – перевод деген. Білмеймін енді, қазір перевод болып жатқан жоқ, тек қана наличный, qr ғой. Бірақ көбінесе наличный жұмыс істеп жатырмыз қазір. Бәрі банкоматтан шешіп келіп жатыр.
Сатып алушылар болса «кәсіпкер ықтиярына бола, өзімізге ыңғайлы төлемдерді жасай алмаймыз», - деп налиды.
Сауалнама:
- Халыққа ыңғайлы жасау керек қой былай. Мен тұтынушы болсам, неге мен бәріне қиналуым керек? Анау: «Төлем қабылдамайды», - дейді. Мынау наличка сұрайды. Бәріміз көшейік наличкаға.
- Асығып жүреміз ғой былай. Телефонды алып, перевод жасауға уақытымыз да болмайды. Тез-тез qr жасауға болады. Көп жерде бірақ qr отказ береді. Бар болса да жасатпайды кейде. Тек перевод қолдандырады. Амал жоқ, төлейміз.
Әрине, онлайн аударымдар ешқайда жоғалған жоқ. Базарда төлем жасарда телефонын ұстап, аударым жасаған біраз жанды көзіміз шалды. Кәсіпкерлер болса: «бұл шара - жан бағудың амалы еді», - дейді. Жылдық айналым белгіленген межден асса, салықты арқалай алмай қаламыз ба,- деп сескенеді.
Құнапия Дәуітқанұлы, кәсіпкер:
- Терминалға 1% төлейміз. Салық Астана 3%. Бұл 3% деген сіздің магазиндегі сол әр тапқан таза кірісіңіз, таза пайдаңыздың 3% емес, жалпы бір магазинге салып отырған айналымдағы ақшаның 3% алады. Барлық ақыларды қосып келген кезде әрине, тауардың бағасын, заттың бағасын қымбат қою керек боп тұрады. Өйткені ол өзі пайда көру керек, кіріс көру керек.
Осы және өзге де себептермен көп кәсіпкер мобильді аударымдарды пайдаланып келген еді. Енді ереже өзгергелі, салықтан жалтару үшін банк картасынан бас тартып, қолма-қол ақша ғана сұрайтындары да шықты. Сала өкілдері болса бұл барып тұрған заңсыздық екенін алға тартып, жаза барын еске салды.
Айнұр Сартаева, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:
- Банк картасын қабылдаудан бас тартса, бұндай кәсіпкерге қатысты алғашында ескерту беріледі. Одан кейін 1 жылдың ішінде заңбұзушылығы үшін 40 АЕК мөлшерінде, ол 140 мыңнан асатын сомма осындай айыппұл қарастырылған.
Мобильді аударымдар тексерілетінін естіген жеке тұлғалар да бір-біріне аударым жасауға сескеніп қалғаны рас. Алайда Мемлекеттік кірістер комитеті: «бұған негіз жоқ», - дейді.
Айнұр Сартаева, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:
- Мобильді аударымдарға туыстарыңызға, бір-біріңізге әртүрлі себептермен көмек болсын мейлі, туған күні боп жатады, басқа да жағдайлар болады. Төлеуге мүмкіндік ешқандай да алынып тасталған жоқ. Ол мүмкіндік бар. Ешқандай да оған салық төленбейді. Тек қана салық төленеді қай жағдайда? Егер де жеке тұлға кәсіпкерлік жеке шотты бизнес мақсатта пайдаланып отырса ғана.
Нәтижесінде көп кәсіп түрі көлеңкеден шығады. Мемлекетке түсер салық көбейеді. «Бюджет жыртығын өзге тетіктермен жамауды қоямыз», - дейді экономист Бауыржан Ысқақов.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
- Бізде қазіргі уақытта салықтық мәдениеттің төмендігі сондай, тіпті салықтың үлесі 60% ғана. Біз 40% бюджеттің шығындарын ұлттық қордың қаражаты арқылы жауып отырмыз. Ал әлемнің дамыған мемлекеттерінің 90% жоғары кірістер ол осы шағын және орта бизнестен түсетін табысқа байланысты. Яғни біз осы деңгейге жетуіміз керек.
Ал белгіленген межеге жету үшін уақытылы салық төлеу маңызды. «Кәсіпті көлеңкеден шығарар кез келді»,- дейді мамандар.
Авторлары: Дана Әлиева, Мұхамедәли Тілдабаев, Аян Сәрсенбаев