Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы 66 млрд долларға жетті
Қазақстан мен Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің тауар айналымы 66 млрд долларға жетті. Бұл туралы ұйымға мүше елдер іскерлік кеңесінің төрағасы Райымбек Баталов мәлім етті. Оның айтуынша, мемлекеттер арасында экспорт пен импорт көлемі артып, бірлескен кәсіпкерлік дамып жатыр. Мәселен, ұйымға мүше елдердің капиталының қатысуымен Қазақстанда 29 мыңнан астам компания мен 5 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Оның үстіне тартылатын инвестиция көлемі де қомақты. Былтыр ол 4,6 млрд АҚШ долларына жеткен.
Райымбек Баталов, «Атамекен» ҰКП төрағасы, ШЫҰ мүше елдер іскерлік кеңесінің төрағасы:
- Былтыр шілдеде Қазақстан Шанхай ынтымақтастығы ұйымының төрағасы рөлін өз мойнына алды және осы уақыт ішінде біз айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік. Қазақстанның бизнесі агроөнеркәсіптік кешен, машина жасау, логистика, медицина, білім беру, IT, туризм тағы сол сияқты экономиканың көптеген секторын қамтитын ШЫҰ елдерінің бизнесімен белсенді ынтымақтасады.