ШҚО: Аягөз қаласындағы бірнеше көпқабатты үйдің тұрғындары әлі жылусыз отыр
Маңызды нысанның бағасы қанша, қай кезде сатып алынады, ол туралы деректі нақты ешкім айта алмай отыр. Ал тұрғындар атқарушы билік өкілдерінен бұл мәселені тезірек шешіп беруді сұрап отыр. Қазір Өскемен және Семей қалаларынан арнайы мамандар келіп, қазандықтың ақауларын ретке келтіруге тырысып жатыр.
Болат Көкенайұлы, тілші:
- 40 мыңнан астам халқы бар Аягөз қаласының тұрғындары қылышын сүйретіп қыс келсе, қазандықтардың жұмысына алаңдаумен отырады. Өйткені олардың барлығы жекенің қолында. Ал орталықтағы 40 үй мен 8 әлеуметтік нысанды жылытатын қазандықтың жыры тіпті бөлек.
Бұл кездесуді халық көп күтті. Облыстық энергетика басқармасы мен табиғи монополияларды реттеу департаменті мамандары қатысқан жиында халықтың сұрағы көп болды. Өкінішке қарай, олардың көбі жауапсыз қалды.
Біржан Ибатов, зейнеткер:
- Қазір шалбар шешпейміз, киіммен жатамыз. Өзіміз аурумыз. Не деген сұмдық бұл?! Бізге жылу керек.
Гүлнәр Сапарова, Абай көшесінің тұрғыны:
- Қаншама бала, үлкен кісілер тоңып отыр. Мектепте жарты-ақ сағат оқиды. Соның өзінде тоңып, күртемен, пимамен отырады. Үйлеріне келеді, онда да суық. Көршілерім бар, бүкіл үй болып 11-18 мыңнан тек қана жылытқышқа ақша төлеп отырмыз. Енді жылуға тағы төлейміз. Сонда қалай болады?
Абай көшесінің тұрғыны Индира Мұхамадиеваның айтуынша, қазандықтағы көптеген қондырғыны ауыстырып, жанталасқанның өзінде бөлмедегі температура 15-тен 18-ге ғана көтерілген. Алайда жауапты басшылардың сөзінше, 2-3 күнде жұмыстар аяқталып, мәселе толық шешімін таппақ. Ал қазандықты жекеменшіктен мемлекетке қайтару жұмысы ұзаққа созылатын түрі бар.
Серік Ақтанов, ШҚО әкімінің орынбасары:
- Жекеменшік иелерімен кездесіп, бұл сұрақты талқылап жатырмыз. Ол бір күнде шешілмейді. Бір жағынан қазір қазандықтың жағдайы өте төмен, сондықтан өте көп қаражат бөлу керек. Бұл сұрақ әлі талқылану үстінде.
Белгілі болған тағы бір тың ақпарат мынау. Тозығы жеткен қазандықты қаңтар айының 16-сынан бастап «Аягөз су» мемлекеттік коммуналдық мекемесі уақытша басқаруға алатын болыпты. «Бұл – қақаған қыс айларында жедел әрекет етіп, бақылауды күшейту үшін жасалған амал», – дейді жергілікті атқарушы билік өкілдері.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы