Қазақтың 30 ақыны мен 30 жазушысының шығармалары БҰҰ-ның 6 тіліне аударылып жатыр
30 ақын мен 30 жазушының шығармалары БҰҰ-ның 6 тіліне аударылып жатыр. Бүгінде қазақ қаламгерлерінің туындылары ағылшын, француз, орыс және испан тілдеріне аударылып, енді қытай және араб тілдеріне тәржімалануда. Екі жинақтан тұратын қазақ әдебиетінің антологиясы кемінде 2,5 млрд оқырманы бар 70 елге тарамақ.
Шынтуайтында, біздің әдебиет шеңбер бұзып, шетел шарлап кетпегенін мойындаған жөн. Қазақ қаламгерлерінің туындысын әлемді айтпағанда, түркі елдері түгел танып болған жоқ. Әрі кетсе ТМД төңірегіндегі тәржімаға тоқмейілінсіп жүрген жайымыз бар. Мәселе неде? Бұл біздің ақындардың айтары аз, ал жазушыларымыз жаман деген сөз емес.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Бұл – Мағжан Жұмабаевтың сонау 1922 жылы жарық көрген «Педагогика» кітабы. Бұл шығармасында ол жеке тұлғаның ақыл-ой қабілетін 4-ке бөледі. Ал мынау – Стивен Ковидің кеше ғана қазақ тіліне аударылған «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» кітабы. Екі кітаптың арасы 80 жыл. Бірақ айтары бір. Яғни Стивен Ковидің кеше айтқанын біздің Мағжан осыдан бір ғасыр бұрын айтып кеткен. Біз Мағжанмен мақтана алмадық. Себебі тұсау – тәржімада.
Ақұштап Бақтыгереева, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Біздің қаламгерлер әлемнің ешбір әдебиетшісінен кем емес, артық жерлері де бар. Өйткені олар үшін ашылмаған жұмбақпыз. Біздің даланың әрі айтары да, тарихы да көп. Соның кеш те болса жасалып жатқан мына аударма ісіне өз басым қуанышпен келіп отырмын.
Әлемнің ең танымал 6 тіліне аударылып жатқан авторлардың арасында 30 ақын, 30 жазушының еңбектері бар. Қазақтың бір топ ақынын французша сөйлеткен Кристина Зейтунян: «Тілді ғана емес, тұтас мәдениетті аудару оңай шаруа емес», – дейді. Айтпақшы, антологияның француз тіліндегі нұсқасын дайындауға Париж қаласының мэриясы мен Франция ұлттық кітап орталығы қолдау көрсеткен.
Кристина Зейтунян-Белоус, ақын, аудармашы:
- Мен қазақтың 8 ақынының шығармасын аудардым. Олардың арасында Фариза Оңғарсынова, Ақберен Елгезек, Есенғали Раушанов бар. Мысалы Ақберен Елгезектің «Қобыз-жүрек» атты өлеңі бар. Мен әуелде қобыздың не екенін білмедім. Интернетті қарап, оның тарихын оқып, бұл аспаптың қазақ халқы үшін орны бөлек екенін түсіндім. Аударма барысында «қобыз» сөзін қалдырдым, бірақ кейбір жерде «Виаллә» деп аудардым. Ол – бүкіл аспаптың ортақ аудармасы.
«Жан-жүйкемнен өріп алып қырауланған пернесін, Қобыз-жүрек, бір күндері үнсіз қалып жүрмесін». Ақын Ақбереннің бұл шумағын енді жаһан жұрты жаттамақ. Бүгін Астанада ақындар мен аудармашылар кездесті. Авторлар өз туындыларының өзге тілге көшкенде өңі қашып кетпесіне алаңдайды, бірақ Ұлттық аударма бюросы: «Тәржімалау мейлінше сапалы болады», – деп сендіріп отыр.
Рауан Кенжеханұлы, «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры:
- Бұған дейін біздің тарихымызда қазақ әдебиетін мұндай көлемде аударып, тарату тәжірибесі әлі болып көрген жоқ. БҰҰ-ның 6 тілі деп отырғанымыз: ағылшын, испан, француз, орыс, араб және қытай тілдері. Осы тілдерде сөйлейтін 70-тен аса елге үлкен, ауқымды таралым болмақшы. Сол себепті жауапкершілігі, салмағы да ауыр. Бәріміздің ойымыз – аударманы мейлінше сапалы етіп дайындау.
Қазақ әдебиетінің жинақтарын қытай тіліне аудару, басып шығару және таратумен Қытайдың «Ұлттық баспасы» айналысады. Ал бұл – қазақ қаламгерлерінің қытайша қатесіз аударылуын қадағалайтын Ақпар Мәжит. Абайдың қара сөздерін қытайшаға аударған жазушы.
Ақпар Мәжит, ҚХР Жазушылар одағының мүшесі, жазушы:
- Елбасының «Нұрлы жол» деген жобасы бар ғой. Ол жақта «Жібек жол» деген жоба бар. Бұл екі жол қиылысқанда тек қана бизнес, өнеркәсіп, техника ғана емес, мәдениетте де ауыс-түйіс болуы керек. Мәдениетте ауыс-түйіс болғанда, халықтың көңіл-күйі жақындайды. Ал мәдениеттің нақты дәні – әдебиет, көркемөнер, музыка.
Қазақ әдебиеті бұрын бір ғасыр бойы әлем тілдеріне тек орыс тілі арқылы ғана аударылып келген еді. Енді ол түпнұсқадан тікелей аударылады. «Бұл туындының ұлттық қасиетін жоғалтпайды», – дейді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет. Ал антологияны ағылшынша аударатын Кембридж университетінің өкілдері: «Бұл – Қазақстанды танытатын үлкен мүмкіндік», – деп отыр.
Джейн Манн, «Cambridge University Press» департамент басшысы:
- Кембридж университеті мен Қазақстан бұрыннан серіктес. Біз оқырмандар арасында сауалнама жүргіздік. Бұрын қазақ әдебиеті қазіргідей қолжетімді болмайтын. Қазір қазақ әдебиеті арқылы көбісі қазақ мәдениетімен танысып, бұл елге келіп, бауырсақтың дәмін татып, домбыраның үніне елітіп, атқа мінгісі келеді. Яғни бұл жұмыс – Қазақстанды таныту деген сөз.
Әр ұлттың адамзаттың ақыл-ойына қосар қарызы бар. Бұл ретте біз кешеуілдеп қалдық, бірақ игіліктің ерте-кеші жоқ. Бұл жолда басталған үлкен жұмыс абыроймен аяқталса болғаны.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков, Ерзат Зайытхан