2021 жылға дейін 454 мемлекеттік қызмет мобильді қосымша арқылы көрсетіледі
Осы тапсырманы орындау үшін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі еліміздегі 741 мемлекеттік қызметтің 454-ін электронды форматқа ауыстырды. Көбі халыққа ең қажет деген қызметтер. Нәтижесінде миллиондаған қазақстандық керек құжат пен анықтамасын жылдам әрі оңай алды. Тағы қандай қызметтер электронды жүйеге ауысады?
Айбар Төлжанұлы, тілші:
- Енді тұрақты жұмыс іздеп жүрсеңіз, асылтұқымды мал шаруашылығын субсидиялағыңыз келсе немесе ақпараттық агенттігіңізді тіркегіңіз келсе, мамандарға емес, «egov.kz» атты интернеттің игілігіне жүгінесіз. Жүйкеңізді тоздырып, сабылып кезекте тұрмайсыз, сағаттап уақыт жоғалтпайсыз. Мысалы, бұрын бір автокөлікті тіркеу 6 сағатқа созылса, қазір 2 сағаттың ішінде бітеді. Енді некеге тіркелу де бұрынғыдай 1 ай емес 3 жұмыс күнінде рәсімделеді.
Жүргізуші куәлігін алу, жеке кәсіпкерлік құжатын жасату, мекенжай анықтамасын алу, тағысын тағы. Бас-аяғы қазір 454 қызмет түрі электронды түрде көрсетіледі. Енді мамандар оның бәрін мобильді қосымша арқылы да іске асырмақ. Демек, компьютердің де қажеті жоқ, смартфонмен талай жұмысты бітіретін боламыз. Бұл жұмыстар 2021 жылға дейін бітеді. Министр Дәурен Абаев айтты.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:
- Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтер реестрінің 741 атауы бар. Олардың 454-і немесе 61%-ы электронды форматта қолжетімді. Бір жылда қағаз түрінде ұсынылатын 110 млн құжат қысқарады. Ең бастысы көрсетілетін қызмет түрлері халыққа ұғынықты, қолжетімді және пайдалы болуы үшін бар күш-жігерімізді, мүмкіндіктерімізді жұмсауға дайынбыз. Осы бағыттағы жұмыстар бір сәтке де тоқтамайды.
Былтыр бір жылда 64 жаңа қызмет электронды форматқа ауысқан. «egov.kz» порталына бас-аяғы 8,5 млн-нан аса қазақстандық тіркеліпті. Портал арқылы 2018 жылы 30 млн мемлекеттік қызмет көрсетілген. Жыл соңына дейін 141 қызмет электронды форматқа ауыстырылмақ.
Абылайхан Оспанов, «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ басқарма төрағасы:
- Мысалы электронды цифрлық қол арқылы өзіңіздің кабинетіңізде нөміріңізді, электронды поштаңызды тіркейтін болсаңыз, болашақта сізге ХҚКО-ға келудің қажеті де жоқ. Барлығын сол электронды қызметтер ала аласыз.
«Сіз бен біздің жүйкеміз жұқармасын, уақытымыз әр мекемеде өтпесін», – деп мамандар барлық амалды жасауда. Халыққа да, қызметкерге де ыңғайлы әрі тиімді. Енді алдағы екі жылда біздегі 741 мемлекеттік қызметтің барлығы электронды түрде көрсетілетін болады.
Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Әлібек Алиев