Медициналық туризм: Қазақстанда бір жылда 2430 шетелдік емделген
Ондағы мамандар Қазақстанда ем алуды қалайтын шетелдіктерді ақпараттандыруға жауапты. Оған қоса арнайы портал да жасалыпты. Мақсат – медициналық туризмді дамыту. Ол үшін туроператорлар түрлі кездесулер ұйымдастырып, отандық клиникалардың мүмкіндіктері де кеңінен таныстырылуда. Бүгін олардың бір тобы Астанада болды.
Астанадағы ұлттық нейрохирургия орталығы. Медициналық мекеме бүгін ерекше қонақтарды қабылдады. Олар – қазақстандықтарды әлемнің түрлі еліне демалуға жіберіп, шеттен турист тартумен айналысып жүрген туроператорлар. Былайша айтқанда, еліміздің медициналық мүмкіндігін халықаралық деңгейде танытуға қабілетті мамандар.
Жазира Жанкина, туристік компанияның басшысы:
- Қазақстандағы клиникалардың жағдайымен танысқан соң, сыртта жан-жақты жарнама жасаймыз. Ең басты екі фактор бар. Олар: дәрігерлердің біліктілігі, емнің бағасы. Біз қаражат жағын сұраушыларға салыстырмалы түрде айтып береміз. Мәселен, біздегі баға басқа елдерге қарағанда 5-6 есеге арзан екен. Осыны білген медициналық турист, әрине, Қазақстанға келеді деп ойлаймын.
Түсірілім кезінде ем алып жатқан шетелдікті көрмедік. Ол енді жылдың жаңа басталғандығымен баланысты. Негізі орталық кез келген уақытта медициналық туристі қабылдауға дайын.
Нурман Чабдаров, дәрігер-нейрохирург:
- Қазір дүние жүзінде қандай әдістер бар, соның бәрі осы нейрохирургиялық орталықта көрсетіледі. Пациенттердің саны да соған байланысты жылдан жылға көтеріліп келе жатыр.
Бұл бөлім қазірдің өзінде медициналық туризм бойынша айтарлықтай жетістікке жеткен. Оған соңғы 3-4 жыл көлемінде 300 шетелдіктің болғаны дәлел.
Ердәулет Байдуллаев, тілші:
- Медициналық турист үшін жасақталған палатада барлық жағдай бар. Ол біріншіден жуынатын бөлме, киім ілетін орын, теледидар, ауызсу мен тоңазытқыш, қалалық нөмерге шығатын телефон, сондай-ақ бос уақытта ойнау үшін шахмат тақтасы да қарастырылған.
Одан тыс спорт залы, өзге оңалту бөлмелері де тұрақты жұмыс жасайды. Турист орталықтың еміне және осы қызмет түріне қарап ақысын төлейді емес пе?
Талғат Пазылбеков, Ұлттық нейрохирургия орталығының медициналық директоры:
- Медициналық туристерді тарту үшін өзіңнің деңгейіңді көтеру керек. Кәсіби деңгейімізді, білімімізді үлкен деңгейге көтерсек, бұл – оларды тартудың ең дұрыс жолы.
Емделу – туризмнің бір түрі. Айтпақшы, Астаналар және ірі қалалардың халықаралық ассамблеясы Қазақстанның елордасын «ТМД елдерінің ішіндегі ең үздік шаһар» деп атаған еді.
2018 жылы тек бас шаһардың өзіне 500 мың адам саяхаттап келген. Ал еліміздің 25 клиникасында 2430 шетелдік ем алып қайтыпты. Сырттан келетін емделушілер есебінен жарты миллиардтай теңге пайда табу көзделіп отыр. Яғни Қазақстанда медициналық туризм белгілі деңгейде дамыған деп айтуға болады.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Айдос Меделбеков