Хабар телеарнасы

Мәжілісте кәсіпкерлікті қолдау және сауда қызметі жөніндегі заң мақұлданды

Мәжіліс төрағасы құжат Елбасының бизнес ортаны одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленгенін атап өтті.

Нұрлан Нығматуллиннің айтуынша, мақұлданған түзетулер кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді тетігін құруға мүмкіндік береді. Заң жобасында жаңа кәсіпорын ашып, несие алу, құрылысқа рұқсат беру мен салық салу талаптары жеңілдеген.

2020 жылдан бастап тауарларды таңбалау және саудада кассалық-бақылау құралдарын пайдалану ережелері енгізіледі. Депутаттардың ұсынысы бойынша өнімдерді тауар өндіруші немесе бірыңғай оператор таңбалайды.

Сондай-ақ пленарлық отырыста депутаттар Қазақстан мен Иордания Хашимит Корольдігі арасында қылмыстық істер және сотталған адамдарды беру жөніндегі 3 келісімді мақұлдады.

Андрей Лукин, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

- Қазіргі таңда Қазақстан сотынан қашып, Иордания аумағында жасырынып жүрген тұлғалар тіркелген жоқ. Иордан билігі іздеу салған шетелдіктер біздің елде де жоқ. Егер ондай жағдай туындай қалса, екі тарап өзара серіктесе жұмыс істейтін болады. Қазір 1499 қазақстандық халықаралық іздеуде болса, 1026 азаматқа мемлекетаралық іздеу жарияланған.

 

Депутаттар «Жусан» операциясы туралы көркем фильм түсіруді ұсынды

Пленарлық отырыс соңында әдеттегідей бірқатар депутаттық сауал жолданды.

9 қаңтарда Елбасы «Жусан» бірегей гуманитарлық операциясының сәтті аяқталғаны туралы мәлімдеме жасағаны белгілі. Сириядан лаңкестердің тұтқынында болған әйелдер мен балалар елге қайтарылды. Депутаттар жастарға патриоттық тәрбие беру үшін мемлекеттің өз азаматтарына қолдан келгенді жасайтыны туралы, сарбаздардың ерлігі жайында фильмдер түсіруді ұсынды.

Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Президент осындай қайырымдылық әрі гуманизм іс-қимылына бастамашы болу арқылы Қазақстан азаматтарының тағдырына деген қамқорлығын көрсетті. Елбасының халықаралық беделі мен оның бітімгершілігінің арқасында қазақстандықтарды құтқару операциясы жүзеге асырылды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша «Жусан» операциясы негізінде шытырман оқиғалы деректі фильм түсірілсе деген ұсынысым бар. Ол өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелейді.