Елімізде соңғы 10 жылда нәресте өлімі 2,6%-ға кеміген
Елімізде соңғы 10 жылда нәресте өлімі 2,6 пайызға кеміген. Шақалақтардың өлім-жітіміне бірнеше себеп бар. Бұл жерде дәрігерлердің кінәсі ғана емес, ананың өз денсаулығына бей-жай қарауы да, баланы ажал құштыруы мүмкін. Жаңа туған сәбидің өмірін аман алып қалу үшін жасалып жатқан шаралар қандай нәтиже беріп отыр?
Айнұр Жақсыбаева неанотолог дәрігерге Астананың іргесіндегі Степногор қаласынан келіп отыр. Айлин 650 грамм болып туған. Құртақандай тіршілік иесінің аман қалатынына ата-анасы алғашында сенбеген.
Айнұр Жақсыбаева, Степногор қаласының тұрғыны:
- 650 грамм болып туылған кезде ешқандай үміт күткен жоқпыз, осы периниталды орталықтың арқасында үш ай жатып, 2 келі болып шықтық. Қазір 1 жастамыз.
Айнұр Жақсыбаева енді баласы ауыра қалса, бірден неанотолог дәрігерге көрсететін болған. Шала туған шақалақтарды өсу, даму қабілетін 3 жылға дейін қарайтын кабинеттер әзірге Астана, Алматы қалалары мен кейбір облыстарда ғана бар.
Балжан Тәттібекова, неонатолог дәрігер:
- Бұл кабинеттің ең бірінші мақсаты. Баланың жанын сақтап, анасының қолына бердік, ары қарай ол бала мүгедек болып қалмау керек. Ол үшін катамнез кабинеті арқылы баланы бақылап, олардың ары қарай өмір сапасын жақсарту керек болды.
Астанадағы катамнез бөлімі ашылған 3 жылда салмағы 1,5 келіге жетпейтін 3 мыңнан астам бала тіркелген. Былтыр салмағы тым төмен 25 баланың барлығы тірі қалған, тек екеуі ғана целебралды сал ауруымен туған, қалғаны сап-сау. Осындай орталықтардың көмегімен соңғы 10 жылда бала өлімі 2,6 пайызға азайған. Десе де көрсеткіш әлі де көңіл көншітерлік емес.
Былтыр 402 209 бала өмірге келген. Оның 23 900-і мерзімінен бұрын туған. Көз жұмған сәбилердің 41 пайызы салмағы аз балалар. Ресми мәлімет бойынша, 1 мың баланың 9-ы шетінеген.
Ләззат Ақтаева, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:
- Бала өліміне әртүрлі жағдайлар себеп болады. Перинаталдық кезеңде ананың денсаулығы дұрыс болмаса, ол да баланы ауыр дертке шалдықтыруы мүмкін. Өлім-жітімнің 55 пайызы ананың денсаулығымен тікелей байланысты. Түрлі ақаулардың салдарынан 4,4 пайызы адами фактордың кесірінен болады. Былтыр туғанына 28 күн де болмаған 100 нәрестеге операция жасалып, оның 83-і аман қалды.
Бала өліміне әдетте дәрігерлерді жазғырумен шектеледі. «Бірақ өлімнің жартысынан көбінде ананың уақытылы қаралмауы, өз денсаулығына салғырт қарауы да себеп болады», – дейді мамандар. «Тіпті баланың шала тууы да осыдан туындайды», – дейді неанотологтар.
Жақында Астанада осындай сәбилерді қарайтын арнайы бөлімше ашылмақ. Қазір шағын кабинетте жұмыс істеп жүрген дәрігерлер салмағы 1,5 келіге толмайтын балаларды аман-есен жетілдіру бойынша позитивті көрсеткіштер алып отырғанына дән риза.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Қанат Әбілдин