Жолда қалған жүргізушілерге ақтөбелік еріктілер көмектесіп жүр
Осы орайда Ақтөбенің жастарын ерекше атап өтуге болады.
Еріктілер жолда қалған жүргізушілерге көмектесіп жүр. Қар құрсауында қалған не көлігі істен шыққан жолаушылар кез келген уақытта осы қайырымды азаматтардың көмегіне жүгіне алады. Бұл құтқарушылардың дәстүрлі эвакуатордан айырмашылығы қызметіне ақы алмайды.
Ақтөбелік жас кәсіпкер Асхат Такауов еріктілер тобын осыдан екі жыл бұрын құрған. Түн ішінде көлігі істен шығып, айдалада қонуы бұған себепкер болыпты. «Игі істі бірінші жанымдағы достарым қолдады», – дейді. Әлеуметтік желілерде байланыс нөмірін таратып, алғашқы өтініштерге шыққан соң, еріктілер қатары артқан. Қазір бұл топтың тұрақты 20-ға тарта мүшесі бар. Бірінші кезекте қараңғы түсе және елді мекеннен тыс жерден жететін өтініштер қарастырылады.
Асхат Такауов, еріктілер тобының негізін қалаушы:
- Қыстыгүні түсетін өтініштерге аса көп көңіл бөлеміз. Көмек сұраған азаматтың қиын жағдайда екендігі белгілі. Себебі боран мен аязды күні кез келген ағаттық адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан әбден дайын, барлық қажетті құрал-саймандармен жарақталған көліктер шығады.
Кезекті өтініш қала маңынан түсті. Еріктілер тобының белсенді мүшесі Ринат Жандулин көлігі оталмай қалған азаматқа көмекке асығуда. Қыстыгүні мұндай мәселе жиі кезеседі. Бастысы көмекке жеткен автокөлік сақадай сай болуы керек.
Ринат Жандуллин, ерікті:
- Кілт-құралмен қатар әрдайым жылы киім, 1-2 күрек пен шағын газ пешін алып жүреміз. Көшпелі байланыс станциясын орнаттық. Бірінші кезекте өзіміздің көлігімізге сенімді болуымыз керек. Тіпті жүк көліктерін сүйреген кездеріміз де болды. Балықшылар мен аңшылар да жиі тұрып қалатын.
Еріктілер тобына тәулігіне 20-ға дейін өтініш түсетін көрінеді. Тіпті Төтенше жағдайлар департаментімен қоян-қолтық араласа қызмет көрсеткен сәттері де болған.
Қайрат Қасым, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:
- Жол тазалап, адамдарды қауіпсіз орынға жеткізумен айналысып жатқанда еріктілер тиісті азық-түлікті жол бойында қалғандарға таратып берді. Төтенше жағдайлар департаментінің өзі үлгере алмас еді. Себебі көлік тығыны бірнеше шақырымға созылған болатын.
Қиын жағдайға тап болған жүргізушілер де өзгелерге қол ұшын беруге әрдайым дайын. Күндіз-түні байланыста. Бастысы жігіттердің қызметі тегін. Еріктілердің бас қосуына себепші болған кәсіпкер Асхат Такауов оларға алғыс ретінде көлік құралын жөндеуге жеңілдіктер ғана ұсына алатындығын айтады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков