Қарағанды облысында Орталық Азиядағы ең ірі күн электр станциясы іске қосылды
Мысалы Қарағанды облысының Саран қаласында Орталық Азиядағы ең ірі күн электр станциясы іске қосылды. 162 гектарға қойылған 307 мың күн панелі автоматты түрде жұмыс істейді. Қуаты 100 мегаваттық станция қанша қаланы қуатпен қамтамасыз ете алады?
Орталық Азиядағы ең ірі күн электр станциясын салуға 140 млн доллар қаржы құйылған. Инвесторлардың жобаны дәл осы Саран қаласында жүзеге асыруына қолайлы климаттық жағдай себеп болыпты.
Ардақ Асылханұлы, тілші:
- Аумағы 162 гектарды алып жатқан мына күн панельдері жылына 100 мегаватт электр қуатын өндіре алады. «Бұл 50 мыңнан астам тұрғыны бар Саран секілді 10 қаланы тоқ көзімен қамтамасыз етуге жеткілікті», – дейді мамандар.
Ат шаптырым аумаққа 307 мың күн панелі қойылған. Сонымен қатар 20 қосалқы станция салыныпты. «Оның кепілдік мерзімі 40 жыл», – дейді мамандар. Мұндағы жұмыстың барлығы автоматты түрде жүзеге асады. Сондықтан еңбеккерлер саны да шектеулі, бар болғаны 7 адам.
Евгений Гребенников, компанияның бас директоры:
- Бұл күн панельдерін үнемі тазалап отырудың қажеті жоқ. Қар тұрмайды, қызған кезде еріп кетеді. Ал жаз айларында шаң-тозаңды жаңбыр шаяды.
ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, 2023 жылға дейін елімізде баламалы қуат көзін өндіретін 30-дан астам жоба іске аспақ. Онда жылына 3 мың мегаватт тоқ көзі өндірілетін болады.
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
- Қазақстанда биылғы қаңтар айында 67 баламалы энергия көздері станцияларының құрылысы аяқталды. Жалпы оның қуаттылығы 510 МВт құрап отыр бүгін. 2019 жылдың соңына дейін осы қуат екі есеге өседі деп күтілуде.
Айта кету керек, алдағы жылы Қарағанды өңірінде баламалы қуат көзін өндіретін 4 бірдей ірі жоба қолға алынбақ. Бүгін облыс әкімдігінде бұл жұмысты жүзеге асыратын инвесторлармен екіжақты келісімге қол қойылды. Шетелдік компаниялар өңірде жасыл технологияны дамыту үшін 500 млн доллар қаржы құюға ниетті.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин