Елімізде 12 жел және 20 күн электр станциясы жұмыс істеп тұр
Жасыл технологияларды енгізудің арқасында қазір елде жел мен күннен қуат алатын станциялар жұмыс істеп тұр. Дәл қазір елімізде қанша баламалы энергия станциясы бар?
Айбар Төлжанұлы, тілші:
- Қазір елде 12 жел және 20 күн электр станциясы жұмыс істейді. Жалпы қуаты сағатына 321,8 млн МВт. Қазақстандықтар тұтынатын энергияның 1%-ы осы станциялардан алынады. Енді әр аймақта осындай станциялар салынбақ. Мысалы Маңғыстау облысында жалпы қуаты 255 МВт 10 күн және жел электр станциясы іске қосылады. Ол 1 қала мен 5 ауылды электр қуатымен қамти алады. Бастысы электр энергия тапшылығы жойылып, тариф арзандайды.
Бердібек Қартбаев, Маңғыстау облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы:
- Оның екеуі де инвестордың жеке қаражаты есебінен іске асырылуда. Бірінші жоба қуаты 43,6 МВт болатын ЖЭС. Бұлар монтаждық жұмыстарын толық аяқтайды. 1 қыркүйектен бастап қуаты 42 МВт ЖЭС салынуда. Бұл жоба да келер жылдың жарты жылында аяқталады. Екі жоба іске асқан жағдайда Форт-Шевченко қаласын түгелдей электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жамбыл облысындағы «Бурное Солар-2» станциясы қазір сағатына 46 млн КВт электр қуатын өндіруде. Мұнда 377 мың күн панелі орнатылған. Әр тақтайшаның қуаты 270 ватт. Өткен жылы мамандар сағатына 127 млн КВт өндірсе, биыл 2 станциядан сағатына 150 млн КВт қуат алу жоспарланған. Бұл 70 мың үйге жетеді.
Ал Ақмола облысы, Ерейментау қаласындағы жел электр станциясының көмегімен мамандар: «Жылына 100 мың тоннадай көмір үнемдеуге болады», – деп отыр. Ақмола облысының Аршалы ауданында елімізде теңдесі жоқ жел электр станциясы салынып жатыр. 200 гектар аумаққа әрқайсысының биіктігі 100 метрден асатын 30 жел генераторы қойылмақ. 2020 жылдың мамыр айында нысан толық іске қосылып, 100 МВт электр қуаты алынады. «Қоршаған ортаға зиянсыз әрі тиімді қуат көзінің игілігін көретін күн де алыс емес», – дейді мамандар.
Айдар Жолшеринов, жоба менеджері:Фор
- Математикалық есептеулер бойынша метеорологиялық көрсеткіштерді талдай отырып, бізге осы жер ыңғайлы және мұнда осы жобаны іске асыруға болатынына көз жеткіздік. Жылына 300 млн кв/сағат қуат береміз деп жоспарлап отырмыз.
Ал ЕО-ның инвесторлары елімізде баламалы қуат станцияларына 500 млн доллар инвестиция құюға дайын. Ол қаржыға Қарағанды облысында алпауыт 4 станция салынбақ. Қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр.