Хабар телеарнасы

Павлодарда бірнеше ірі жоба іске қосылды

Бірнеше ірі жоба іске қосылып, жүзеге асырыла бастады.

Павлодар облысының мыңдаған жасы өндіріс ошақтарында еңбек етеді. Жастар жылы аясында мұнай-химия зауытында елімізде алғашқы болып «Білім орталығы» ашылды. Бұл – жұмысшы жастар үшін ғылыми тәжірибемен бөлісуге арналған алаң.

Данияр Сүндетбаев, «Нұр Отан» партиясы Жастар қанатының төрағасы:

- «1000 IT-сынып», «Еnglish for zhastar», «Жастар ауылға» сияқты жобалардың болашағы мол. Жастар жылы да ілкімді жобалар жалғасын тауып, жаңа бастамалар қолға алынады.

Биыл жас буын өкілдері экологиялық бағыттағы шараларды күшейтпек. Солардың бірі – «Жасыл патруль» акциясы. Жастар балықтарды құтқару жолында сала мамандарына көмек көрсетпек.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Павлодар облысында ірілі-ұсақты 200-ден астам су айдыны бар. Балықтарды қырылудан құтқарып, сонымен қатар оларға ауа жеткізу мақсатында осындай ұңғымалар қазылады.

Оқшауланған шағын көлдердегі мұздың қалыңдығы 60 см-ге жетеді. Сондықтан балықтар тұншығып қалуы әбден мүмкін.

Ернар Шакеев, облыстық Жер қойнауын пайдалану және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы:

- Су Ертіспен бірге қосалқы ақпайды, қатады. Содан кейін бұған ауа жетпейтін кездері болады. Соған байланысты атқарылған шара. Қазір қамыс толтырамыз.

Экологиялық шаралар осымен шектелмейді. Жастар жылы шеңберінде бұл бағытта онға жуық жоба жүзеге асырылмақ.

Асқар Тыныбаев, Жастар бастамаларын дамыту орталығы директорының орынбасары:

- Елбасы айтқандай, Отанды сүю – біздің парызымыз. Біз бірінші шара өткізіп жатырмыз. Оған балықты, жануарлар әлемін құтқару, тазалыққа байланысы іс-шаралар жоспарладық.

Жастар жылы аясында өңір жастарының мұрындық болуымен халықаралық және республикалық деңгейде 500-ге жуық шара ұйымдастырылады. Олардың басым бөлігі жас буын өкілдерінің әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталмақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий