Елбасы «Equus: Жылқының тарихы» атты деректі фильмнің көрсетілімін тамашалады
Фильмді режиссер, антрополог Найоби Томпсон мен қазақстандық продюсер, зерттеуші Нұрбол Баймұханов жетекшілік еткен канадалық түсіру тобы отандық суретшілерден, әртістерден, каскадерлерден, дублерлер мен безендірушілерден құралған шығармашылық топты тарта отырып, еліміздің аумағында түсірген.
Онда америкалық композитор Даррен Фангтің музыкасы пайдаланылды. Деректі фильмде тіршілігі жылқының қолға үйретілуіне байланысты болған Қазақстан аумағындағы ежелгі мәдениеттердің кезеңдері ғылыми зерттеу жұмыстары мен заманауи ақпараттық технология негізінде қайта жаңғыртылған. Бұл үдеріс адамзат коммуникациясына қатысты жаңа жүйенің қалыптасуын айқындап, көші-қонның жандануына және ежелгі мемлекеттердің пайда болуына жол ашты.
Деректі трилогия 2019 жылғы наурызда 50 ел, оның ішінде Канада, АҚШ, Германия, Франция мен Данияның және Қазақстанның телеарналарында көрсетіледі деп жоспарланған.
Елбасы жаңғыртылған ОКҚ Баспасөз орталығының жұмысымен танысты
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жаңғыртылған Орталық коммуникациялар қызметі Баспасөз орталығының жұмысымен танысты. Бұл орталық «Қазмедиа орталығы» технологиялық кешенімен толық біріктірілген әрі соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған көпфункциялы медиа алаң саналады.