Елімізде 26 ақпаннан бастап үш автожол ақылы болады
Еліміздегі ақы төлеп өтетін жолдардың бағасы әлем бойынша ең тиімдісі екен. Бекет арқылы күнде қатынайтын жүргізушілер бір рет мың теңге төлеп, жыл бойы тегін жүруге құқылы.
Ал өтемді алдын ала жасаған жеңіл көлік иелері 50% жеңілдікке ие болады. Төлем еліміздегі 100 мың терминалдың бірінен не интернет-банкинг арқылы жүргізіледі. 2025 жылға дейін еліміздегі ақылы жолдардың ұзындығы 12 мың шақырымға жуықтамақ.
Бауыржан Бишенов, Басқарма төрағасының орынбасары:
- 2020 жылға дейін бізде 6,5 мың шақырым ақылы жол іске қосылады. Ол «Астана – Қостанай – Троицк», «Астана – Павлодар», «Павлодар – Қалбатау», толықтай «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» аумағы ақылы болады. Айта кетерлігі, Оралдан, Ақтөбе, Қызылорда бағытында тек жүк көліктерінен ғана ақы алынады. Ал Қызылорда, Шымкент, Тараз, Қайнар бірінші категориялы жол болғандықтан барлық көлік иелері ақы төлеуге міндетті.