Хабар телеарнасы

«Отар» әскери гарнизонында бригадалық оқу-жаттығу өтті

Оған құрлық әскерлері, артиллерия бөлімшелері мен әуеден барлау және шабуыл жасау құрылымдары қатысты. Жаттығуда жас жауынгерлер өз білімдерін тәжірибе жүзінде сынап көрді.

Мәтібұлақ әскери атыс алаңында қысы-жазы зеңбіректердің дүрсілі мен тегеурінді техниканың дүбірі тыншымайды. Өйткені мұнда күн сайын түрлі әскери құрылымдардың оқу-жаттығуы өтіп тұрады.

Абай Бәкір – өткен жылы әскер қатарына алынған. Жас жауынгер 12-ші танкілік бригада құрамындағы мергендердің бірі. Ол – артиллериялық-зеңбіректі техниканы басқаруда, нысанаға оқ атуда жақсы нәтиже көрсеткен сарбаз.

Абай Бәкір, 21450 әскери бөлімінің сарбазы:

- Өзі 15 тонналық болады. Атқанда 15 шақырымға жетеді. Айына бір-екі рет полигонға шығып тұрамыз. Оқу-жаттығулар жақсы жүргізіліп жатыр.

Оқу-жаттығу кезінде қаскүнем топтардың шабуылына тойтарыс беру, барлау жүргізу, әуеден оқ жаудыру бұйрықтары тиянақты орындалды. Жауынгерлік машиналар, Т-72 танкілері мен артиллериялық қондырғылар дайындығы сыналды.

Алмас Сәдуақас, тілші:

- Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы бұл жерде бір аптадан бері өз әскери техникасын пысықтап, жауынгерлік даярлықты тексеріп жатыр. Жалпы бұл бригадалық-тактикалық оқу жаттығуларға 2 мыңнан астам сарбаз қатысып, 40-қа жуық әскери техника мен авиация құралдары жұмылдырылды.

Оқу-жаттығудың барлық кезеңдерін  «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы мен құрлық әскері бас қолбасшылығы бақылады. Түнде және күндіз өткізілген тактикалық тапсырмалардың орындалуы жоғары бағаланды.

Авторлары: Алмас Садуақас, Кенже Амраев