Биыл дәрілік заттарды таңбалау қолға алынады
Пилоттық режимде жұмыс істеген «Астана-1» ақпараттық жүйесі тиімділігін көрсетті. Салық төлеушінің төлем процесін айтарлықтай жеңілдетпек. Мәжілістің бүгінгі Үкімет сағаты цифрлық технологияларға арналды.
Мемлекеттік кіріс органдары биыл халыққа 22 млн қызмет көрсетсе, оның 20 млн-ы электрондық түрде жүргізілген. Мәжілісте Үкімет сағатында баяндама жасаған Қаржы министрі Әлихан Смайылов цифрлық технологиялардың бір парасына тоқталды. Мәселен, жыл соңына дейін енгізілетін бірыңғай электрондық әмиян сервисі негізінде ақша тек бір реквизитке төленеді. Ал кедендік рәсімдеуді жеңілдеткен «Астана-1» жобасы қазір штаттық режимде істеп тұр.
Үміт Губашева, «Астана-1» ақпараттық жүйесінің үйлестірушісі:
- Кедендік рәсімдеуге төлейтін ақшасы азайды. Ол 20 мың теңгеге тең. Бұрын әрбір қосымша бетіне ақша төленетін болса, қазір қанша тауар болса да тек қана 20 теңге төленетін болды. Сонымен қатар автоматтандырылған жүйенің арқасында ешқандай тәуекелдер болмаса, декларациялар 1 минуттың ішінде шығады.
Осыған дейін кедендік рәсімдеу қағаз жүзінде іске асырылғанда, халық 4 сағаттап кезекте тұратын. Ақпараттық жүйе рәсімдеу уақытын 1 минутқа дейін қысқартты, 77 млрд теңге үнемделді. Тағы бір жаңашылдық бар. Келесі жылдан бастап фискалдық түбіртек беретін бақылау-касса машиналарын енді онлайн аппараттар алмастыратын болады. Онлайн кассалардың мәліметі бірден мемлекеттік кірістер комитетінің базасына түседі.
Әлихан Смайылов, ҚР Қаржы министрі:
- Онлайн бақылау-касса машинасын енгізу өз тиімділігін көрсетті. Астанада пилоттық жоба ретінде 1 700 кәсіпкерлік субъекті іріктелді. Олар күніне бір ғана түбіртек шығарып, күн сайын бірдей кішкентай соманы көрсететін. Онлайн бақылау-касса машина аппараттарының негізінде олардың ресми түсімдері 3 есеге артты. Бюджетке осы бастаманың арқасында тек былтырғы екінші жартыжылдықта 1 млрд теңге түсті.
Қазір елімізде 400 мың кәсіпкер бақылау-кассалық аппаратын пайдаланып отыр. «Онлайн аппараттар мәліметті бірыңғай базаға жолдағанымен кәсіпкердің адалдығын толық тексере алмайды. Сондықтан касса машиналарын технология өзгерген сайын қайта-қайта сатып алмау үшін ұтымды жүйе ойлап тапқан жөн», – дейді депутаттар.
Гүлжан Қарағұсова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Енді кәсіпкерлер ескірген кассалық аппараттарды қайда жібереді? Олардың қолында қазір 382 мың кассалық машина бар. Әрқайсысының бағасы 20-25 мың теңге болса да, кәсіпкер үшін бұл шығын ғой. Жаңа аппараттар тез ескіріп қалмасына кім кепіл? Кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн.
Үкімет сағатында тауарларды таңбалау мәселесі де айтылды. Таңбалау шарасының нәтижесінде салық түсімі 1,5 есеге өскен. Былтыр тері бұйымдары мен темекі өнімдеріне белгі соғылды. Биыл дәрілік заттарды таңбалау қолға алынбақ.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Әлібек Әлиев