Павлодарда алып онкологиялық диспансер салынып жатыр
Әсіресе өңірлерде онкологиялық сырқат түрлерімен күресуге үлкен мән беруді тапсырған болатын. Тапсырма орындалып жатыр.
Айталық, қатерлі ісікке шалдығу дерегі бойынша көш басында тұрған Павлодар облысында осы бағытта ілкімді істер атқарылып жатыр. Бұл дертпен күресті күшейту мақсатында алып диспансер салынуда. Бүгінде негізгі корпустардың құрылысы аяқталды.
Онкологиялық диспансердің есебінде 11 мыңнан астам сырқат тұр. Олардың қатары жыл сайын 2,5 мың адамға артуда. Қатерлі ісікке шалдыққандардың қатарында Фарида Адылханова бар. Зейнеткерге бірнеше ай бұрын операция жасалған.
Фарида Адылханова, сырқат:
- Химиотерапия алып жатырмын. Төрт рет алдым. Қазір оңалдым, өте жаман болғанмын. Бәрі дәрігерлердің арқасында ғой.
Қатерлі ісікпен күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында медициналық ұйымның құрылысына 7 млрд теңге, ал науқастардың 70%-ын емдеуде қолданылатын сәулелі үдеткішті сатып алуға 1,8 млрд теңге бөлінген. Құрал радиология бөліміне орнатылады.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Радиология – онкологиялық диспансердің негізгі корпустарының бірі. Қазіргі таңда бұл ғимараттың құрылысы толық аяқталды. Оның қабырғаларының қалыңдығы 2,5 метрден асады. Сондықтан мамандар қауымы онкологиялық ауруларды емдеуде қолданылатын сәулелі үдеткіш аппаратын қалай кіргіземіз деп алаңдаған болатын. Қазіргі таңда мәселе шешімін тапты. Құрылысшылар сәулелі аппаратты кіргізуге осындай арнайы монтаждық орындар жасақтады. Ең бастысы, құрылғы Павлодарға уақытында жеткізілсе болғаны.
Олег Самарин, мердігер ұйым өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы:
- Бұл – бірегей нысан. Мұнда бұрынғы диспансерде қарастырылмаған игіліктердің барлығы бар. Бүгінде негізгі жеті нысанда ішкі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Электр желілерін тарту, санитарлық-техникалық және әрлеу жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар 12 лифт орнатылды.
Орталық талапқа сай келмейтін ғимаратта орналасқан. Бес қабатты нысанда жеделсатылар да жоқ. Ыңғайсыздықтарға қарамастан саладағы жетістіктер бір төбе. Соңғы бес жылда онкологиялық аурудан болатын өлім-жітім 16%-ға төмендеді, ал дертті анықтау деңгейі 6-7%-ға өсті
Тельман Әлғожин, облыстық онкологиялық диспансер директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары:
- Құрылғы қатерлі ісікті тез әрі сапалы емдеуге мүмкіндік береді. Сәулелі үдеткіш онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді бағдарлама шеңберінде сатып алынады. Оған республикалық бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінді.
Жаңа онкологиялық диспансердің жобасы төрт жыл бұрын мақұлданған. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда медициналық құралдардың бағасы екі есеге қымбаттап кеткен. Сол себепті жоба қайта қаралып, қосымша қаржы бөлінді.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий