Түркістан облысында биыл ерікті жастардың санын 10 мыңға жеткізу көзделіп отыр
Аймақта биыл жыл соңына дейін ерікті жастардың санын 10 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Өткен жылы өңірде жақсылық жасауға жаны құмар жастардың көмегімен 15 млн теңгенің жұмысы атқарылған.
Айдана Есіркеп – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-түрік университетінің 3 курс студенті. Мамандығы аудармашы. Алғаш рет ерікті жас ретінде киелі шаһарда өткен Түрксойдың жиынына қатысқан. Содан кейін қызығушылығы оянып, кейін Астанадағы өткен EXPO көрмесінде аудармашы қызметін атқарған.
Айдана Есіркеп, ерікті жас:
- Командамыздың ашылғанына бір жыл да толған жоқ. Қайырымдылық қорлар, концерттер, іс-шаралар ұйымдастыруға көмектесіп жатырмыз. Жастар жылының ашылуына орай Елбасымыздың еріктірлердің стипендиясын көтеру керек дегені бізді өте қуантты. Себебі бұл – еріктілердің еңбегін бағалау. Жастар жылында бұдан да көп жұмыс істейміз деген ниеттеміз.
Елбасы Астанада өткен Жастар жылының ресми ашылуында жастарға үлкен сенім артатынын, олардың қоғамдағы әрбір өзгеріске бей-жай қарай алмайтынын, сондықтан қарапайым әдептерді ұстанып, адами қасиеттерді қадірлеуге шақырған болатын. Әсіресе қарттар мен мұқтаж жандарға көмек қолын созатын ерікті жастарды көбейтіп, жұмыстарын жандандыруды жүктеді.
Ислам Жолбасқанов, ерікті жас:
- Елбасы айтып кеткендей ауданда әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен арнайы тізімді алып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы болсын, ҰОС ардагерлері болсын, жалғызбасты аналар мен қарттар, мүмкіндігі шектеулі жастар деген сияқты көптеген бағыттарда жұмыс атқарып келеміз.
Жалпы Түркістан облысында 500 мыңнан астам жас бар. Олардың жартысынан көбі әртүрлі салада еңбек етіп, қоғамның дамуына өз үлестерін қосып жатыр. Жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жастардың 30 пайызға жуығы өз еріктерімен еріктілер тобына мүше. Өңірде белсенді жастардың қатысуымен түрлі жобалар, қайырымдылық іс-шаралары өтіп тұрады.
Береке Дүйсебеков, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің басшысы:
- Ерікті деген бұл – әрбір жастың, әрбір азаматтың өзінің жан қалауымен осы қоғамға кішкене болса да қосатын үлесі. Бұл – жастардың бойында азаматтық позицияны, потриоттық сезімді оятатын бағыттардың бірі. Ерікті болу арқылы біз жастарды қоғамға бейімдеп, келешекте Отанына, қоғамдағы әлеуметтік жағдайларға бей-жай қарамай, оған өзіндік үлесін қосуға шақыратын бірден-бір платформа.
Түркістан облысында жыл соңына дейін ерікті жастардың санын 10 мыңға жеткізу көзделіп отыр. Білім мен ғылымға бөлінетін гранттар санын көбейту, жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету және «Жас сарбаз» ұйымдарын қолдау бағытында да бірқатар шаралар жүзеге асырылады. Айта кетейік, өткен жылы өңірде ерікті жастардың қатысуымен 15 млн теңгенің жұмысы атқарылған.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш