«Ұлы даланың жеті қыры»: Жылқы – төрт түліктің төресі
Себебі жылқы – қазақтың жаны, қазақтың қаны. Тіпті «Ер қанаты – ат» деп те ерекшелейміз. Бұл – Қамбар ата төліне деген ерекше құрметтің белгісі. Ал осы ұлы дала жерінде алғаш рет қолға үйретілген жылқы туралы не білеміз?
Ғалымдар ең алғаш рет жылқы қазіргі Украина жерінде жүгенделген деген пікір қалыптастырған. Алайда бұл жаңалық 1980 жылы СҚО-дағы Ботай қонысы табылған кезде жоққа шығарылды.
Риат Шони, тілші:
- Осыдан тура 6 мың жыл бұрын Ботай қонысын мекен еткен көшпенділер алғаш рет асауға ауыздық салып, төрт түліктің төресі – жылқыны қолға үйретті. Содан бастап адамзат тарихында өркениеттің жаңа дамуы басталды.
Тұрақты тапқан археолог Виктор Зайберт. Көшпенділер мәдениетін зерттеп келе жатқанына 38 жыл болды.
Виктор Зайберт, археолог:
- Ботай жеріндегі қазба жұмыстарының бірінші күні 60 мыңға жуық құнды жәдігер таптық. Ғалымдардың зерттеуінше, ботайлықтар өздері өмір сүрген 800 жылда 365 мың жылқы жеген. Жылына 2 адамға Қамбар атаның бір төлінен келген. 6 мың жыл бұрын жылқы жүгенделгеннен кейін құрық, арқан сынды қажетті заттар ойлап табылды. Жылдамдық 6 есеге артты.
Ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне еркін мініп тұруы үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапты. Бұл жаңалық салт атты адамның тұлпар үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сондай-ақ қолындағы қаруын еркін пайдалануына мүмкіндік берді.
Ұлтымызда ат әбзелдерінің алуан түрі бар. Найман ер, керей ер, қоңырат ер сынды ер тоқымның түр-түрін кезіктіресіз. Әрқайсының өзіндік ерекшелігі бар.
Талғат Омар, атбегі:
- Ер тоқымның өзін табиғатқа байланысты жасаған. Мысалы үшін айтайық, оңтүстікте машинаның үстін алып тастайды, ал солтүстікте оны жабу керек қой. Ал үзеңгіге келетін болсақ, темір үзеңгілерді қыстыгүні солтүстік жақтарда қолданбайды. Өйткені темір ызғар тартады. Оны ағаштардан жасайды. Жаздыгүні темір үзеңгілер салады. Оны бір рулық немесе тайпалық дүниеге апарған. Ол қате.
Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында түп тамырымызды терең білуге шақырды. Қазақстан тарихын жеке жұрнақтарымен емес, тұтас қалпында қазіргі ғылыми тұрғысынан қарағанда түсінікті болуы керек екенін айтты. Өйткені тарихты білмей, болашақты болжау қиын. Болмысынан ажырамаған халықтың ғана келешегі бар.
Авторлары: Риат Шони, Асхат Қарақойшиев