Хабар телеарнасы

Атырау облысында 201 көшеге «ақылды» шамдар желісі жүргізіледі

Жоба бойынша 2019-2022 жылдары мұнайлы өңірде 346 шақырым электр желісі жаңаланып, 8 803 дана диодты жарық шамын орнату жоспарланған.

Жарық көше – алдымен көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігінің кепілі. Бұрын қапаста тұрған қала жаңарып, жарқырап шыға келді.

Әлия Есенқұлова, Атырау қаласының тұрғыны:

- Балаларды көшеге жіберуге қорқатын едік, жарық берген соң алаңсыз жүре беруге болады.

Бақытжан Жұмат, Атырау қаласының тұрғыны:

- Біз секілді орта жастағылардың демалуына, серуендеп, еркін жүруіне мол мүмкіндік беріп тұр. Болашақта да бұл жоба ауылдық жерлерде жалғасын тапса деген тілек бар.

Айдос Қарабала, Атырау қаласының тұрғыны:

- Бұрындары жарық әлсірейтін еді, қазір түнде жанып тұрады. Бір жағынан қылмыстың да азаюына сеп боларына сенім мол.

Бүгінде Атырау қаласындағы 86 көше «ақылды» шам желісіне қосылды. LED-жарық жүйесінің артықшылығы тәулік мезгіліне қарай көше жарығы автоматты жүйеде реттеліп отырады. Қала көшелерін жарықтандыру жобасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолға алынған еді. Жыл аяғына дейін Атырау қаласы бойынша 201 көше жарығы «ақылды» шамдармен алмастырылмақ.

Мақсат Исақанов, жоба жетекшісі:

- Біз мемлекеттік-әріптестік мекемесімен келісімшартты ұзарттық. Биыл облыс орталығы мен қалаға іргелес елді мекендердің жарығын жаңа шамдармен ауыстаруды жалғастыратын боламыз. Оның ұзындығы 220 шақырымды құрайды. Бұл жобаға біздің компания 8 млрд теңге шамасында инвестиция тартуды көздеп отыр.

Диодты шамдар электр қуатын мейілінше аз алады. LED-шамдардың іске қосылуына байланысты қалалық билік былтыр электр қуатынан 3 млн теңге үнемдеген.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Бұл жүйенің тағы бір артықшылығы ол автоматты түрде басқарылады. Яғни көше шамдары қай жерде істен шықты, болмаса қандай да апатты жағдай орын алды, тіпті бағананы көлік бағып кеткен жағдайда да барлығы осы экранда көрініп тұрады.

Жобалаушылар келешекте аудан орталықтарына да осындай «ақылды» шамдар орнатпақ. Биыл Құлсары қаласында 86 шақырымдық жарық жүйесінің жобасы бекітілді.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин