Қолжетімді автонесие бағдарламасы жалғасады
Жобаны жүзеге асыруға ұлттық қордан қанша қаржы бөлінбек? Бағдарлама талаптарында өзгерістер бар ма? Ішкі нарықтағы темір тұлпарлардың қанша пайызы отандық өнім? Көлік өндірісін дамытуда қандай жұмыстар қолға алынған?
10 млрд теңге. Қолжетімді автонесие бағдарламасына биыл осынша қаржы бөлінген. Жоба наурыз айында жүзеге асырылады. Үш жыл бұрын несие мерзімі 5 жылдан 7 жылға ұзартылып, қарызға берілетін қаржы ауқымы 9 млн-нан 15 млн теңгеге ұлғайтылған болатын. Несие мөлшерлемесі 4%. Биыл да осы күйінде қалмақ.
Дәулет Диханбаев, Қазақстан машина жасаушылар одағы директорының орынбасары:
- 2015 жылдан бастап нәтижелер оң болды. Осы жылы 10 млрд теңге бөлінген болатын. Оның ішінде 8 млрд теңгесі жеңіл көліктерге болса, 2 млрд коммерциялық лизингкке болады. Бұл бағдарламаға екінші деңгейдегі банктердің барлығы дайын.
61 көлік моделі ұсынылады. Таңдау тұтынушыда. Жалпы 2018 жылы еліміз бойынша 32 300 отандық темір тұлпар сатылса, оның 13%-ы қолжетімді автонесие бағдарламасы бойынша саудаланған. Сұраныс өндіріс ауқымын ұлғайтуға сеп болды.
Ерік Сағымбаев, кәсіпорын басшысы:
- Біз өндіріс ауқымын 60%-ға, жұмысшылар санын 20%-ға өсірдік. Өндіріс орнындағы орташа жалақы 230 мың теңге. Өткен жылы 14 модельді жаңартттық. Тағы бір жаңа бренд шығара бастадық.
Дархан Кәрібаев, ҚР ИИДМ ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің сарапшысы:
- 2020 жылға қарай өндіріс көлемін одан әрі жоғарылату мақсатында отандық автомобиль жасау өнеркәсібін, ауыл шаруашылығы машина жасауды дамыту және ынталандыру жөнінде Жол картасы бекітілді.
Бүгінде отандық көліктер ішкі нарықпен қатар, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Беларусь және Қырғызстанда саудалануда. Тек өткен жылы бұл елдерге 1 млрд теңгенің 257 темір тұлпары эскпортталған. Ал осыдан 4 жыл бұрын бастау алған қолжетімді автонесие бағдарламасы мемлекет пен банк жүйесі және жеке кәсіпорын арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, көлік өндірісінің өрісін кеңейтуге сеп болды. Ең бастысы, ел ішінде қазақстандық темір тұлпарлардың саны артқан. Қазір нарықтағы көліктердің 35%-ы отандық өнім.
Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Ерсін Мұхаметалин