Ертіс өңірінің Баянауыл ауданында спорттық туризм дамиды
Тамыры терең тарихын да насихаттамақ. Қасиетті өлкеге тынығушыларды жыл он екі ай тарту үшін тың жобаларын әзірлеп қойған.
Бүгінде бес шаңғы жолының үшеуі дайын. Бірі экстремалды спортшылардың, екіншісі әуесқойлардың көңілінен шықты. Ал аспалы жолдың ұзындығы бір шақырымға жетеді. Кешен ресми түрде ашылмаса да, Мырзашоқы тауына келемін деушілер көп. Туристік нысанды салуға демеушілер 300 млн теңге бөлген. Мырзашоқы кешенінің салынуы жақын маңындағы ауылдардың гүлденуіне сеп болмақ. Мәселен, Қаражар ауылының оқушылары туристер үшін жылқымен серуен ұйымдастырып, авторлық кәдесыйлар әзірлеуде.
Алмас Орынбай, оқушы:
- Атымды жалға беруге келдім. Атымның аты – Ақбілек. Жасы – бесте.
Аман Қанат, оқушы:
- Біз кешеннің ашылғанына қуаныштымыз. Осында кәдесыйлар жасап, сатамыз.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Ертіс өңірінің жастары Баянауыл өңірінде белсенді демалыстың өркен жаюына сеп болмақ. Айтпағымыз, мұз үстінде конькимен сырғанау. Ерекшелігі сол, спорттың бұл түрі жабық нысанда емес, осындай ашық, табиғи су айдынында дамымақ. Мен де осындай тамаша мүмкіндікті пайдаланып, алғаш рет конькиге тұрдым.
Баянауылда Жасыбайдан бөлек туристік әлеуеті зор Сабындыкөл мен Торайғыр бар. 28 жастағы Ғалымбек Қалиақпаров осы көлдерде су спортын дамытпақ ниетте. Оның жобасы елімізде үздік деп танылған.
Ғалымбек Қалиақпар, Баянауыл ауданының тұрғыны:
- Сабындыкөлде трамплині бар су аттракционының болғанын қалаймын. Қазақстанда бұрын-соңды болмаған жоба. Әуе шарларын жіберсек, Баянауылдың сұлулығын көктен тамашалауға болады. Инвестор табылса, жоба дайын тұр.
Биылғы жылы қасиетті өлке тарихи-археологиялық, рухани орталыққа айналмақ. Ал бір айдан кейін халқымыздың ұлттық құндылықтарын насихаттау мақсатында «Ат – ер қанаты» атты фестиваль ұйымдастырылады. Себебі әр жас қасиет тұнған өлкенің әр сайы мен қырқасы, тауы мен көлінің тарихын біліу тиіс.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий