Атырау облысындағы медициналық мекемелер 100% цифрландырылды
Әсіресе цифрландыру бағдарламасы аясында атқарылып жатқан шаруа көп. Мәселен, Атырау облысын алайық. Бұл өңірдегі науқастар енді дәрігердің қабылдауына тіркелу үшін кезекке тұрмайды. Өңірде медицина саласын цифрландыру бағдарламасы толық аяқталды.
Электронды жүйелер арқылы дәрігерлер қағазбастылықтан арылды. Қазіргі таңда облыстық деңгейдегі 34 медициналық мекеме толықтай цифрландыру бағдарламасына көшірілді. Ақпараттық технологиялардың мұндай жетістігіне тұрғындардың да күн санап ықыласы ауып келеді.
Павел Зубов, Атырау қаласының тұрғыны:
- Бұрын қиын болды, ерте келіп сағаттап кезекте тұратын едік. Бүгін мен «Дәрігерге» деп аталатын мобильдік қосымшаның көмегімен тіркеліп бір сағат уақыт аралығында медициналық тексеруден өттім. Қаншама уақытымды үнемдедім. Бұрын медициналық тексерудің өзіне 1-2 күн кететін.
Атырау қаласындағы әр емханаға ең кемі 38-40 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Олардың барлығының электронды денсаулық сақтау паспорты ашылды. Цифрландырудың экономикалық пайдасы да зор. Мәселен, бір ғана медициналық ақпараттық жүйенің көмегімен биылдың өзінде 65 млн теңге үнемделеді екен.
Күлшара Жұмағалиева, Атырау қаласы №5 емхананың директоры:
- Рентген-флюро цифрлы аппараты жаңадан қондырылды. Соның нәтижесінде өзіміздің рентгенолог екінші облыстық орталықтан екінші маман оқып, қорытындысы электронды түрде келеді. Оны барлық дәрігер көріп отырады. Мұның өзі көптеген жағдайды қолжетімді қылды. Сондай-ақ алдағы уақытта ЭКГ, Тридмил басқа да кардио стандартар, УЗИ аппараттарында осындай цифровизацияға өткізу жоспарымызда бар.
Цифрлық жүйенің көптеген артықшылықтарының бірі енді кез келген науқас өзге медициналық мекемелерге барса да, оның бүкіл ауру тарихы электронды желіде сақталып тұрады. Бұл екі жақтың да уақытын үнемдеп, есесіне мамандар басқа науқастарға да жиі көңіл бөліп жатыр. Жыл басынан бері мобильдік қосымшалардың өзін 93 мың адам пайдаланып үлгерген.
Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы, Жандос Рахметуллин