Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды
Халық қалаулылары Парламент палатасы қабылдаған маңызды заңдарды ел ішінде түсіндіреді. Халықтың жағдайымен танысып, өзекті мәселелерін сұрап біледі. Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин алдымен Жамбыл облысының жұртшылығымен кездесті.
Жамбыл облысы – агроөнеркәсіптік кешені дамыған құнарлы өлке. Индустриалдық-инновациялық үдеріс те қарқынды жүріп жатыр. Мемлекет басшысы айтқандай, индустрия – ел экономикасының қозғаушы күші. Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Тараздағы химия өнеркәсібімен айналысатын ірі кәсіпорынға ат басын тіреді.
Мәжіліс төрағасы «Қазфосфат» кәсіпорнындағы жұмысшылармен жүздесіп, өндіріс қарқынымен танысты. Компания құрамында фосфоры бар 20-дан астам өнім өндіріп, Шығыс және Батыс Еуропа, ТМД мемлекеттері мен Қытай секілді әлемнің 27 еліне жөнелтеді. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин кездесуде заң шығарушы органның жұмысын баяндады. Елбасының бес бастамасын жүзеге асыруға бағытталған заңнамаларға тоқталды. Зауыт жұмысшылары өз кезегінде қызмет етуге барлық жағдай жасалғанын әңгімеледі.
Арман Қарағалиев, кәсіпорын қызметкері:
- Елбасының қолдауына алғысымызды білдіреміз. Компаниямыз көркейіп, өркендеп жатыр. Жастарға көп мүмкіндік берілуде. Мысалы, жатақхана мен спорт кешендері салынды. Айлығымыз тұрақты. «Жұмыс істеймін» деген адамға жұмыс бар.
Елбасы биылғы жылды Жастар жылы етіп жариялағаны мәлім. Осыған орай Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Жамбыл облысының жастарымен де кездесті.
Өңірдің белсенділері жиылып, ойға алған жоспарларын, көкейдегі идеяларын ортаға салды. Креативті студенттердің стартап жобалары да арнайы көрмеге қойылды. Барлығы дерлік Елбасының Жастар жылын ашу салтанатында айтқан бастамаларының жігерлендіре түсетінін жарыса айтты.
Бақдәулет Кемалов, студент:
- Ұлы көшбасшымыз 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Елбасымыз жастарды қолдап, үлкен мүмкіндік беріп отыр. Біз сол мүмкіндікті пайдаланып, елімізге септігімізді тигізуіміз керек.
Білімді де білікті жас жұмыссыз қалмайды. Экономиканы ілгерілетіп іргелі елдердің көшіне қосылу үшін жастардың еңбекқорлығы қажет екендігін Елбасы үнемі айтып келеді. Спикер де Президент бастамаларының жастарға үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті. Мәжіліс спикері халықтың жай-күйімен етене танысу үшін Нұр Отан партиясының жергілікті филиалында қабылдады. Нұрлан Нығматулин азаматтардың жеке мәселелерін тыңдап, толғандырған сауалдарына жауап берді.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы:
- Жамбыл облысында өткен кездесулер Елбасының барлық бастамасы жергілікті жерлерде табысты орындалып жатқанын көрсетті. Әсіресе әлеуметтік сала, цифрландыру, кәсіпорындарды жаңғыртуға арналған жобалар халқымыздың өмір сапасын жақсартып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр.
Индустриалдық-инновациялық даму экономиканы еселей өсіретіні белгілі. Өңірдегі әлеуметтің тұрмысы түзу, өндіріс қуаты артқан кәсіпорындарда жаңа жұмыс орындарын ашылуда.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Жалпы депутаттардың ауыл-аймаққа сапары халық қалаулылары үшін де, жұртшылық үшін де аса маңызды. Себебі қордаланған мәселені тікелей талқылап, оны шешу жолдары қаралады. Алдағы 10 күн бойы депутаттар халықтың қалауын білу үшін өңірлерге сапарын жалғастырады. Тек облыс орталықтары мен ірі шаһарларға ғана бармай, шалғайда жатқан ауыл-аймақ тұрғындарының да жағдайын сұрап біледі.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Асқар Әбілдаев, Айбол Жұмағұлов, Жомарт Елеуов