Жас инвесторлар Ақмола облысында мал шаруашылығын дамытуда
Елбасының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту жөнінде Үкіметке, салалық министрлікке, аймақ басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету Мемлекет басшысының жіті назарында.
Осы орайда Елбасының жастарды ауыл шаруашылығына үлес қосуға шақырғанын ерекше атап өткен жөн. Жастар форумында жас фермерлермен кездесу кезінде де бұл мәселе кеңінен талқыланды.
Атакәсіпті күнкөріс көзі ғана емес, табысты бизнеске айналдырсам деп жүрген жастардың бірі – Ернұр Айдаркин, небәрі 28 жаста. Ол серіктесі екеуі қазір мал шаруашылығын кешенді дамытуға кіріскен. Мұнда 15 млн АҚШ долларын жұмсаған олар алдымен саланы механикаландырып, адамға да, малдарға да ыңғайлы жағдай жасамақ.
Ернұр Айдаркин, жас инвестор:
- Бізде бірнеше жаңа технология енгізіліп жатыр. Қазір жаңа мал бордақылау алаңын құрып жатырмыз. Ол – америкалық жобалар. Онда жердің астының жылуымен су жылып тұрады. Электр қуаты керегі жоқ.
Жас мамандар алдағы жылдары малдың жемін де күшейтуді қолға алмақ. «Ол үшін мал азығының тұқымынан бастау керек», – дейді. Сонан соң сапалы құрама жем алуға мүмкіндік беретін зауыт та салу жоспарда бар екен. Қазірдің өзінде мұнда малға жем америкалық диетологтардың нұсқауымен беріледі.
Алмаз Тәтішев, инвестордың серіктесі:
- Келешекте жануарлардың денсаулық орталығы пайда болады. Біз еліміздің әр аймағынан осындай 5 орталық салмақшымыз. Ол жерде шаруаларға ветеринарлық кеңес беріліп, дәрі-дәрмектер мен дәрумендер сатылады.
Ал мұның барлығы алдағы жылдары фермадағы мал басын 100 мыңға жеткізіп, елді сапалы етпен қамтамасыз ету үшін жасалып отыр. Себебі шаруашылықтың иелігінде ет комбинаты да бар. Ал жалпы аймақ жыл сайын 60 мың тонна ет өндіреді. Жас инвесторлардың жобалары жүзеге асып жатса, бұл көрсеткіш еселеп артары сөзсіз.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко