Алматыда Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің цифрлық форумы өтті
«Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі 2.0» атты халықаралық форум осымен екінші рет елімізде өткізіліп отыр. Мұндай халықаралық жиынды өткізуді 2017 жылы Жоғары Еуразиялық кеңестің отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған болатын.
Былтыр тұңғыш рет өткізілген форумның нәтижесінде елордамызда Astana Hub халықаралық IT стартаптар технопаркі ашылды. Ал биылғы форумның ерекшелігі қандай? Нақты қандай нәтиже күтеміз?
Айбар Төлжанұлы, тілші:
- Әлем елдері жаһандану үрдісіне көшкелі қашан?! Қиялына бар ғаламды сыйғызған мықтылар адамның көмекшісі ретінде әлемнің дүниесін бір ғана мына смартофонға сыйғызды. Бұл бер жағы. Алпауыт мемлекеттер қазір барлық саланы цифрландыруға көшті. Енді Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер инновациялық жобаларды бірлесе іске асырмақ. Сол мақсатта Қазақстан, Армения, Қырғызстан мен Ресейдің ІТ технопарктерінің жетекшілері ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
1 қыркүйекте Astana Hub технопаркінің жанынан IT университет ашылады. Білім аламын деген жастарға гранттары қарастырылған. Премьер-Министр технопарктегі ІТ мамандарына баспана берілетінін де мәлімдеді. Қазір Astana Hub технопаркінде 500-ге жуық адам жұмыс істейді. Олардың жобаларына жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Игорь Овчаренко, Astana Hub халықаралық ІТ стартаптар технопаркінің тәуелсіз кеңесшісі:
- Біз ІТ компанияларымыздың әлемдік нарыққа шығуы үшін жұмыс істеп, Қазақстандағы стартаптарды әлемге танытамыз. Қазір мұнда 150 компанияның көбі мол инвестиция тартып жатыр. Біз енді корпорациялық инновациялық жобаларды іске асырудамыз. Технопарк арқылы 8 корпорация құрылды. Болашақта «Шымкент хаб», «Атырау хаб» технопарктерін құруды жоспарлап отырмыз.
Елімізде денсаулық сақтау саласында біршама салада инновациялық жобалар іске асты. Солардың бірі «ZoomCare» медициналық жобасы. Ол арқылы науқастар дәрігердің кеңесін мобильдік қосымша арқылы ала алады. Бұл уақытты да, қаржыны да үнемдейді. Бұл – Astana Hub мамандарының игі жобасы. Мамандар тағы да тың бастамаларды енгізудің жолдарын талқылады.
Олжас Әбішев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:
- Жас мамандарды, мысалы студенттерді, оқушыларды жобаларға қалай қосуға болады? Қазір АҚШ, Ресейден алғашқы жетекші мамандарды шақырта отырып, технопаркті қалай дамытуға үлес қосатынына нұсқау беріп, іске асыра аламыз. Келешекте өзіміз іске асыруға мүмкіндік аламыз.
Ауыл шаруашылығы, логистика, қызмет көрсету саласы, тағысын тағы. Сарапшылар барлық саладағы әлемдік трендтерді талқылады. Форумға келген әр мемлекеттің өкілдері бір-бірінің жобаларымен танысты. Мысалы ресейлік сарапшылар қазақстандық мамандардың пайдалы қазбаларды өндіру, өңдеу саласы мен ауыл шаруашылығындағы түрлі дәнді дақылдарды өсіру мен будандастыруға қатысты жобаларына қызығуда. Форумның ерекшелігі де осы. Қатысушылар емін-еркін сөйлесіп, тәжірибе алмасады.
Əділет Нұрғожин, Astana Hub халықаралық IT стартаптар технопаркінің бас директоры:
- Әрбір елде стартаптардың өзіндік бір деңгейі бар. Өйткені инновациялық бағдарламалар Ресейде сәл ертерек басталды, ал бізде кейінірек. Ал Қырғыз елінде енді басталып жатыр десек болады. Біз алған әдістерімізді қырғыз ағайындарға үйретсек деп ойлаймыз. Сонымен қатар Ресей, Армениямен тығыз болып, олардың тәжірибелерімен бөліссек.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердегі технопарктердің бірлесіп жұмыс істеуі не береді? Жаңа платформалар тәсілдерді өзгертеді, делдалдар шетке ығысады және жаңа экожүйе қалыптасады. Яғни технопарктердің бірігуі жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Алтынбек Исмаилов, Қырғыз республикасы жоғары технологиялар паркінің директоры:
- Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің технопарктерін біріктіру жөніндегі қазақ елінің бастамасын қолдаймыз. Біздің елде инновациялық экономика енді ғана бір жолға қойылып келеді. Бүгінгі таңда Қырғызстанның жоғары технологиялар паркінде 40-тан аса компания бар. Осы тұрғыда біз Қазақстан, Беларусь, Ресей, Арменияның ІТ саласындағы озық тәжірибелерін үйренуге мүдделіміз. Форумға қатысу арқылы технологиялық индустрияны дамыту үшін өзіміздің базалық кемшіліктерімізді аңғардық. Әсіресе Қырғызстанда стартаперлер аз. Енді осы бағытқа екпін береміз.
Айбар Төлжанұлы, тілші:
- Бүгінгі форум Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер мен өзге де шетелдік сарапшылардың бірлесіп жаңа ІТ жобаларды іске асыруына жол ашты. Қазақстан тарапы ұсынған бұл бастамаға өзге мемлекеттер де мүдделі. Өйткені ІТ саласында жалғыз жүріп даму мүмкін емес. Бүгінгі форумға қатысушылар алдағы уақытта білім беру және ІТ жобаларды іске асыруда бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты. Бастысы ортақ жобалар әлемдік нарыққа шығады. Оның ішінде Қазақстанның төл жобаларын көретін күн де алыс емес.
Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Ерсін Мұханбеталин