Хабар телеарнасы

Астанада жер үйлердің бірінде болған өрт салдарынан 5 бала қаза тапты

Бес баланың өмірін жалмап кеткен өрттің неден шыққаны анықталып жатыр. Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин: «Мұржаның өртке қарсы қаптамасы болмаған, содан ағаш шатыр өртенген», – деп отыр. Қазір арнайы зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жалын неден тұтанды? Осыны анықтау үшін өрт сөндірушіден бастап учаскелік полицей, тергеуші, бәрі дерлік осында тек қаңқасы қалған бөлменің ішін мұқият қарауда. Куәгерлер мән-жайды былайша баяндады.

Әйгерім Абдуллаева, куәгер:

- Сағат 02:00-де атылған дауыстан шықтық. Газ қолданбайтын. Мүмкін газ баллондары болған шығар.

Түн ортасында басталған өртті көрген, естіген маңайдағы тұрғындар қарап қалмапты. Қолдан келгенше көмек жасауға тырысқан.

Жанат Айтымов, қаза тапқандардың туысы:

- Бірден терезені бұзып, ішке ұмтылдым. Қап-қараңғы, түтін қолқаны алады, ыстық леп ұрып тұр. Сипалап, сипалап, түк таппаған соң, қайта шығуға тура келді. Сол аралықта қолым күйіп қалды. Мен бұл бүлдіршіндердің туыс ағасымын.

Аз уақыт ішінде қызыл жалын 30 шаршы метрлік ауданды түгел шарпыған. Бұл әуелде үй ауласынан салынған қосалқы ғимарат екен. 3-4 жыл бұрын Астанаға келген отбасы оны уақытша тұрақ ретінде қолданған.

Рақым Асанбаев, көршісі:

- Әкесі көлікке қызмет көрсету орталығында жұмыс жасайды. Ал анасы үйде отырған. Бірақ оның да жақында жұмысқа шыққанын естіп жатырмын.

Балаларының үлкені ес білгендіктен кеше ата-анасының екеуі де түнгі ауысымға жұмысқа кетіпті. Ал балаларды көрші үйдегі туыстары қадағалап отырған. Соңғы рет көргенде олардың бәрі ұйықтап жатқан. Пеш те дұрыс істеп тұрыпты. Кейін араға жарты сағат салып өрт шыққан. Ол неден, қалай тұтанды?

Ердәулет Байдуллаев, тілші:

- Мамандар нақты себепті анықтау үшін пеш мұржасының бітеліп қалуы, электр сымдарының тұйықталуы сынды негізгі факторлардың бәрі назарға алынатындығын айтады.

Ал қазір қандай да бір болжам айтудың өзі қиын. Алынған сынамалар зертханаға жіберілді. Мән-жайды естіген қала билігі де оқиға орнына келіп бәрін өз көзімен көрді. Марқұмдардың туыстарына көңіл айтты. Мұғалімдердің де қабырғасы қайысып отыр. Қаза тапқан балалардың екеуі осы мектепте оқитын.

Мәрзия Есіркепова, №41 мектеп директоры:

- Қыздардың екеуі бізде оқыды. 4 және 6-сыныпта. Үлкені өз қатарының алды, сыныбының старостасы еді. Түрлі үйірмелерге қатысатын, сурет салғанды ұнататын. Жайсыз хабарды естіп, қайғырып отырмыз. Жақындарына көңіл айтамыз.

 

Жаппай улы газ деңгейін тексеретін қондырғылар орнатылуы мүмкін

Енді бұдан былай баспаналарға улы газ деңгейін тексеретін қондырғы орнату міндеттелуі мүмкін. Ішкі істер министрлігінің өкілдері осылай деді. Қазір еліміз бойынша мыңнан астам тұрғын үйде белгі беретін арнайы құралдар орналатылған. «Сол арқылы улы газ деңгейі көтерілген бойда құтқарушыларды шақырып, қайғылы жағдайдың алдын алуға болады», – дейді мамандар. Ал өрт болған үйге арнайы мамандар келіп, пешке қатысты ескерту жасаған, бірақ оның орындалуын ешкім бақылауда ұстамаған.

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Мұндай шаралардың ешқандай пайдасы жоқ. Зардап шегушілердің саны азаймайды. Сондықтан құрылыс жөніндегі комитетпен бірлесіп жер үйлердің иелерін арнайы газ деңгейін анықтайтын жүйе орнатуды міндеттеуді енгізгіміз келіп отыр.

Бұл аудан халық арасында «Көктал-1» деген атаумен танымал. Байқағаныңыздай маңайдың бәрі дерлік жекеменшік үйлер. Тұрғындар өздері от жағып үйін жылытады. Мамандар мұндайда сақтыққа аса мән беру керектігін айтады. Жыл басталғалы Астанада осымен 69 жағдай тіркеліп отыр.

Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Абдулла Исаев