Петропавлда көпқабатты үйдің тұрғындары жарықсыз отыр
Тұрғындардың басым бөлігі пәтерлеріне әлі күнге қоныстана алмай жүр. Баспаналарына енді қол жеткізген тұрғындар бітпеген үйді неліктен үлестіргендерін түсінбей дал. Мәселе қашан шешіледі?
Жаңа жыл қарсаңында жаңа баспанаға қол жеткізген тұрғындардың қуанышы көпке созылмады. Үйге жарық қосылмағандықтан көбі әлі пәтер жалдап жүр. Ал барар жері жоқтары амалсыздан электр қалқаншасына заңсыз қосылуға мәжбүр.
Павел Притолюк, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Екі күннің ішінде екі шам ауыстырдым. Тоңазытқыш, теледидар сынды электр қондырғыларды мүлдем қоспаймын. Өйткені ертең күйіп кетсе, кім кінәлі болады? Сондықтан телефонымды қуаттап алу үшін осындай жолға барып отырмын.
Бес қабатты үй «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша бой түзеді. Жоба құны 522 млн теңге. Мұндағы 78 пәтерді тұрғындар ипотекаға рәсімдеп алған.
Әмина Тайланова, Петропавл қаласының тұрғыны:
- Әкімдікке күнде хабарласамыз. Жарықты қосып береміз дегендеріне біраз уақыт өтті. Күнде ертең деп сендіреді. Нақты жауабын айтпайды. Мұнда қалай өмір сүруге болады? Ал ипотекамызды төлеп жатырмыз.
Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміндегілер мән-жайды анықтау үшін аталған үйге арнайы барды.
Әкімдіктегілер тіпті кіреберіске «дербес шот ашыңыз» деген хабарлама да жазып қалдырды.
Ал электр энергиясымен жабдықтау мекемесінің мамандары бұл үйге жарықтың әлі берілмегенін растады. Өйткені тиісті құжаттар әлі күнге рәсімделмеген екен.
Мағауия Сағындықов, Электр энергиясымен жабдықтау компаниясы бас директорының міндетін атқарушы:
- Мердігер компания да, тапсырыс беруші де бізге келмеді. Яғни қазір заң бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміндегілер біздің компанияға келіп келісімшарт жасаулары тиіс. Сонда ғана біз жарықты қоса аламыз.
Бұл шаруалар уақытылы атқарылса, электр қуатымен қамтамасыз ететін компания: «Жарық беру мәселесін бір-ақ күнде шешіп беруге әзірміз», – деп отыр.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Вадим Пятков