Хабар телеарнасы

Аязды күндері жылыту орталықтары жұмыс істеп жатыр

Астанада сарышұнақ аяздан 14 адамды үсік шалған. Оның 10-ы ересек, ал 4-еуі бала. Қазір барлығының жағдайлары қалыпты. Сондай-ақ қалааралық құтқару және жылыту орталықтары дамылсыз жұмыс істеуде. Бұл ретте ТЖД мамандары қар құрсауында қалған бірнеше адамды құтқарды. Қытымыр аяздың беті қашан қайтады? Қара суықтан қалай қорғануға болады?

Қыстың соңғы айы адамдарды әбден әбігерге салды. Еліміздің барлық өңірінде ауа райы күрт суыды. Мәселен, Жамбыл облысының солтүстік аудандарында 25-27 градусқа дейін төмендеді. Қазір өңірдегі ТЖҚ мамандары күшейтілген режімде жұмыс істеп жатыр. Облыстың Қордай ауданы «Алматы – Ташкент – Термез» республикалық маңызы бар жолдың 159-238 шақырым бөлігінде ақ түтек боранға байланысты барлық көлік түріне қозғалыс тоқтатылды.

Талғат Сабыров, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Қазір дайындық жұмыстарын жергілікті әкімшіліктермен бірге байланысып, қалпына келтіріп жатырмыз. Жол қызметкерлері өздерінің техникасын әзірлеп, жолдың бойындағы жылыту орталықтарының барлығы дайын.

 

Ақпан басталысымен бір айда жауатын қар түсті

Алатаудың етегі аппақ қарға оранды. Тіпті бір айлық қар жауды десе болады. Қалада қардың қалыңдығы 23, ал таулы аймақтарда 40 сантиметрге жетеді. Көшелерді тазалауға 700-ден астам арнайы техника мен 2 200-ден астам адам жұмылдырылған. Бүгінге дейін шаһардан 245 мың тонна қар шығарылыпты. Мамандардың айтуынша, алдағы тәуліктерде 15-20 градус аяз болады.

Әрсен Ахметжанов, қалалық Жасыл экономика басқармасының бас маманы:

- Қазіргі таңда қала көшесінде ешқандай мәселе жоқ деп айтса болады. Бірақ ең маңыздысы қазіргі уақытта қар шығару кезегі басталады. Сол уақытта автокөліктерді жолдың бойына қоймай, арнайы техникаға бөгет етпесе, жақсы болушы еді.

Еліміздің теріскей өңірлерінде нағыз қыстың ызғары сезіліп тұр. Сарышұнақ аяз солтүстікқазақстандықтарды қыспаққа алды. Өңірде сынап бағанасы -36 градусқа дейін төмендеп кетті. Салдарынан отын, көмірсіз қалған зағип жан үйінде үсіп қала жаздады. Қазір ол ауруханаға жатқызылды. Ал Петропавлда 3 сағат далада жүрген жас жігіт беті-қолының үскенін сезбей қалған. Қазір ол ем алуда.

Мейрам Оспанов, Жарақат аурулар бөлімшесінің дәрігері:

- Осы 2-3 күнде 5 адам түскен. Соның бірі жас жігіт. 22 жаста. II, III дәреже деп жатқызғанбыз. Қолы мен 2 құлағын үсітіп алған. Бас киімі, қолында биялайы болған. Қолы мен беті үсігенін білмей қалыпты.

 

Жолда қалған 224 жолаушыға көмек көрсетілді

Қытымыр аязға қарсы қауқарсызбыз. Десе де көмекке мұқтаж жандарға жәрдем жасалуда. Мәселен, Ақмола облысында жолда қалған 224 жолаушы құтқарылды. Күні кеше «Астана – Петропавл» тасжолында 42 Өзбекстан азаматы мінген автобус бұзылып, жолаушылар Қоғам ауылдық мектебіне жеткізілген еді.

 

Елімізде 40 құтқару орталығы жұмыс істейді

Қаперіңізде болсын! Егер ақ түтек боранның өтінде қалсаңыз, міндетті түрде «112» нөміріне хабарласып, көлігіңізден алыстамағаныңыз абзал. Бұл ретте сіз аялдаған аумаққа жақын орналасқан орталық мамандары келіп, алғашқы көмек көрсетеді. Мұндай орталықтар еліміздің барлық өңірінде бар. Сондай-ақ қатты аяз салдарынан сабақтар уақытша тоқтатылды. Ал ЖОО студенттеріне дәріс уақыты қысқаруы мүмкін.

Жазира Асанова, Білім басқармасының стратегия, талдау және цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы:

- Аязға байланысты күн сайын сабақ тоқтатып отырсақ та балалардың демалыс күніне еш әсер етпейді. Сабақтың болу-болмауын олар әрдайым біздің ресми интернет ресурстарымыздан, «109» нөміріне хабарласып, білуге болады.

«Шегірткеден қорыққан егін екпес» дегендей, аяздан қорқып, далаға шықпасын деген қағида жоқ. Мейірімді жандардың ұйымдастыруымен Астана қаласында тегін шай мен бауырсақ таратылуда.

Нұрсұлтан Сүлейменов, қала тұрғыны:

- Мен өз басым ризамын. Суық күнде жылытып, көмектесіп жатқандарыңызға. Кофе беріп жатыр. Оның үстіне аялдама да жылы. Сіздерге рахмет!

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Болатбек Таубалдиев