ЕАЭО аясында 10 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын ашылған
Мысалы, 2015 жылы біз Вьетнаммен еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қойдық. Ал былтыр Иранмен келісімге қол қойылды. Бұл қазақстандық тауарлардың 180 млн тұрғыны бар нарыққа шығуына мүмкіндік беріп отыр. Енді Мысыр, Израиль, Үндістан, Сербия және Сингапурмен сауда келісімі бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Алайда одаққа мүше елдер арасында біраз кедергілер де бар. Ол туралы Сенатта өткен Үкімет сағатында айтылды.
Қазақстан ЕАЭО-ға мүше болғалы 5 жыл өтті. Былтыр Кеден кодексі күшіне енді. Соның нәтижесінде одаққа мүше елдер кедендік құжаттарды электронды түрде пайдалануда. Дегенмен біршама кедергілердің барын бүгін Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Мысалы, әлі күнге дейін мүше мемлекеттер серіктес елдердің мүдделерін ескермей, өз ішкі нарықтарын қорғайды. Сондай-ақ өзара сауда-саттық, тауарларды транзиттеу және ішкі нарыққа қол жеткізуге де қиындықтар бар. Осылайша кәсіпкерлеріміз бірқатар «астыртын» кедергілерге тап болып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Мұндай жағдай сыртқы саудаға теріс әсер етеді, бизнес қоғамдастығының еуразиялық интеграцияға деген сенімсіздігін тудырады және интеграцияның дамуына қиындықтар келтіреді. Әлемдік қаржы және тауар нарығындағы тұрақсыздық, санкциялық текетірестер Еуразиялық экономикалық одақтың интеграциялық әлеуетіне теріс ықпал етіп отыр. Сондықтан да мүше мемлекеттер сауда-экономикалық саясатын үйлестіру керек.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов: «Бұл кедергілерді жоямыз», – деді. Бүгінде 70 кедергіден тұратын тізім анықталған. Олардан ада болу үшін Жол картасын да бекітіп қойған. Одаққа мүше мемлекеттер қазір еркін тауар айналымы үшін бірлесе жұмыс істеп жатыр. Өйткені сауда-саттықты дамытуға барлығы мүдделі.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Техникалық кедергілерді жою үшін техникалық регламенттерді қабылдау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осылайша бүгінде 47 техникалық регламент қабылданды. Мұның бәрі бірыңғай талаптарға сәйкес келетін тауарлардың ортақ нарығын қалыптастырады және тауарлардың кедергісіз айналымына ықпал етеді. Биыл тасымалданатын бақылау пункттерінің тізімі жойылды, ол бойынша халықаралық көліктік тасымал кітапшалары арқылы жүктер тасымалданады.
Былтыр 11 айда Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 17,1 млрд АҚШ долларына жеткен. Экспорт 10%, яғни 5,3 млрд долларға өсіп, ал импорт 11,8 млрд долларға жетті. Инвестицияның тамырына да қан жүгірген: 1,2 млрд АҚШ долларына жетіпті.
Енді мүше мемлекеттердің алдында ортақ міндеттер тұр. 2025 жылға қарай одақ аясында газдың, мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығы қалыптасу керек. Бірақ Қазақстанның нарығында жанар-жағармайдың бөлшек саудадағы бағасы өспейді. Бірыңғай цифрлық кеңістікті дамыту үшін Қазақстан тарапы Еуразиялық электрондық еңбек биржасын құруды да ұсынып отыр.
Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Азамат Саметов