Ақтөбелік жастар тұрмысы төмен отбасыларды газбен қамту ісін қолға алды
Ақтөбе облысында жастар түрлі мәдени шаралар ұйымдастырып, жиналған қаржыға тұрмысы төмен отбасыларды көгілдір отынмен қамтамасыз етіп жатыр.
Динара Балғазина қыс түссе, өз үйінен көшуге мәжбүр. Ата-анасынан қалған баспананың пеші әбден ескірген, от жағуға келмейді. Айына 25 мың теңге төлесе де, 6 баласының амандығын артық санайды.
Динара Балғазина, көпбалалы ана:
- Жазда көшіп келеміз. Газды кіргізсе, үйге жөндеу жұмыстарын жүргізсе. Көріп тұрсыздар ғой. Пештің түрі мынау. Қыста отыруға келмейді.
Мейірімді жастардың назарына іліккен жанның алдағы жазға жоспары көп. «Бастысы баспанам жылынса болды», – дейді. Көгілдір отын желісіне қосу жұмыстары тағы екі үйде жүргізілуде.
Наурызбек Сарбасов, жас кәсіпкер:
- Түрткі болған – Елбасымыздың 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауы. Концертті әзіл кеш үлгісінде өткізіп жатқанымыз – жастарды шақыру. Жастар бастап жатқан бастаманы әрі қарай қолдайды дегенге сенемін.
14 мың тұрғыны бар Ембі қаласына көгілдір отын осыдан 7 жыл бұрын жүргізілген. Қазір тұрғын үйлердің 99,5% қамтылды. Тек айлығы шайлығынан аспайтын 50-ден астам отбасы орталық жүйеге қосыла алмай отыр.
Әлімжан Қорғанбай, Ембі қаласының әкімі:
- Жартысынан көбі үйлерінің газ кіргізуге сәйкестігінің келмеуінен отыр. Өйткені қауіпсіздік талаптарына сай келмейді. Сондықтан кіргізілмей отыр.
Үш отбасына табиғи газ тартуға қаражатты жастар өнерімен тауып отыр. «Жайдарман» ойындарын ұйымдастырып, түскен қаржыны әлжуаз топтарға бөліп берген. Жастар жылын құр ұранмен емес, нақты істермен өткізуді ойлайды. Сондықтан алдағы 10 айда газсыз отырған отбасыларға да кезек жететініне сенімді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков