ШҚО экологтары дабыл қағып жатыр
Судың тазалығы үшін алаңдаған жергілікті Экология департаменті бұл іске қатысы болуы мүмкін кәсіпорындарды сотқа берді.
«Қазгидромет» мамандары айына бір рет аймақтағы 10 өзен мен 2 су қоймасы және бір көлден сынама алып, зерттейді. Негізінен үш өзеннің суында мырыш пен марганецтің шамадан тыс көбейгені анықталды.
Айжан Халел, «Қазгидромет» РММ облыстық филиалының жетекші инженері:
- Ақпан айының сынамалар нәтижесі бойынша жоғары ластану Риддер қаласындағы Брекса, Тихая, Үлбі сияқты өзендерде байқалады. Бұл су нысандарының сапасын бірыңғай жіктеу жүйесі бойынша 5-класс сапасынан сай жоғары ластану болып саналады.
Ашық су көздерінің ластануын мамандар бірнеше дәрежемен өлшейді. Бесінші санатқа жетсе, өте ластанған болып есептеледі. Судың құрамында қандай заттар мен ауыл металдардың бар екені зертханада талданады.
Олжас Керейхан, тілші
- Аймақтағы әрбір өзен мен су қоймалырынан алынған сынамалар осы зертханада зерттеліп, талданады. Бір ғана өзен суы мынадай құтыларға құйылып, 48 түрлі көрсеткіш бойынша тексеріледі. Сол зерттеудің нәтижесі бойынша мониторинг жүргізіледі.
Суы ластанған өзіндердің барлығы да өндіріс көп шоғырланған аудандар мен қалалардың іргесінен ағады. Соңғы 40-50 жыл бойы үйіліп қалған түрлі ауыр қалдықтар да қар еріген кезде өзен-көлдерге құйылады. Ал өңірдегі кейбір өндірістер әлі күнге дейін экологиялық талаптарды сақтамайды.
Дмитрий Кавригин, облыстық Экология департаментінің басшысы:
- Суды негізінен өндіріс ошақтары ластайды. Дегенмен біз ондай мекемелерге дер кезінде шара қолданамыз. Бірақ кейбір кәсіпорындар бірден қателіктерін түзетеді. Ал «Қазцветмет» компаниясы берілген ескертумен ешқашан келіспейді. Сондықтан сот арқылы дәлелдейміз. 26 ақпанда Астанадағы экономикалық сотта суды ластау бойынша кезекті отырыс болады. 56 млн теңгенің залалын келтірген.
2018 жылы суды ластаған кәсіпорындарға экологтар 107 млн теңгенің айыппұлын салған. Негізі ластанған өзендерді сүзгі арқылы тазарту жобасы бар. «Бірақ оған қаражат көп кетеді», – дейді мамандар. Сондықтан бұл жүйені жаңарту қажет.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин