Жүйелі түрде шешілмей жүрген мәселелер
Жол азабын жүрген білер. Бұл ретте Атырау – Астрахань арасындағы тас жолдың жайын айтып, көлік жүргізушілер талай жылдан бері дабыл қағып келеді. Мұндай проблема сондай-ақ Жамбыл облысының тұрғындарын да әбігерге салуда. Мұнымен қоса бірқатар өңірде осыдан біренеше жыл бұрын құрылысы басталған әлеуметтік нысандар әлі пайдалануға берілер емес. Ал жергілікті билік болса, жұртты жылда құрғақ уәдемен сендіріп келеді.
Қарағандыға іргелес жатқан Саран шаһары – елімізде орталықтандырылған жылыту жүйесі жоқ жалғыз қала. 50 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекенді қазір 56 қазандық жылытып отыр. Осыдан 8 жыл бұрын құрылысы басталып, 2015 жылы тапсырылуы тиіс нысан әлі күнге қаңтарылып тұр. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 5 млрд теңге қаржы бөлінді. Бірақ бас мердігер жұмысты аяқсыз қалдырды. Оның үстіне бірқатар шенеунік қазынадан бөлінген қаржының біраз бөлігін жымқырған. Сот процесі әлі жалғасып жатыр. Мамандар енді қазандықты газға көшірудің техникалық мүмкіндіктерін қарастыруда.
Ермағанбет Бөлекбаев, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:
- Саран қаласындағы салынып жатқан котельний бойынша қазіргі таңда тиісті компания жалдағанбыз, солар тексеріп жатыр. Сол тексеріс бойынша қандай материалдар, қатынастардың ішінде қандай жұмыстар бар, соның барлығын тексеріп барып шешім қабылдайтын боламыз. Ол жұмыстардың барлығы жылдың аяғына дейін болады.
Құрылыс демекші, Ақтөбеде облыстық туберкулезге қарсы диспансердің жаңа ғимараты сол күйі пайдалануға берілмеді. Шенеуніктер оның техникалық-экономикалық негіздемесін 2014 жылы жасаған. Жоба құны – 7,1 млрд теңге. Іргетасы қаланып, кейбір бөлімдердің қабырғасы тұрғызылғанымен қазір жұмыстар тоқтап тұр. Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері бас жоспарда технологиялық және медициналық тұрғыдан ағаттықтар болғандығын алға тартып, тиісті түзетулер енгізуді талап еткен. Ал жылына 1000-ға жуық емделушіні қабылдайтын ескі ғимарат бірқатар талапқа сай емес.
Ерлан Тәтімов, облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері:
- Бүгінгі күні қабылдап жатқан ауруханамыз бұрынғы көп профильді қалыптасқан қалалық аурухана болып есептелген. 6 этажды ғимаратта орналасқан. Ал инфекциялық ауруханалар екі этаждан әрі қарай жоғары болмау керек. Неге десеңіз, өздерінің моно статусымен өз ғимаратында әр науқастар емделуі керек.
Жамбыл облысындағы республикалық маңызы бар «Мерке-Шу-Бұрылбайтал» тасжолының әбден тозығы жетті. Сапасы сын көтермейді. Бірнеше жылдар бойына қараусыз қалған жолды жергілікті атқамінерлер: «Биыл жөндейміз», – деп сендіріп отыр. Жоба 4 жылға арналған.
Бақытжан Жәнібеков, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес 101 млрд теңгені құрап отыр. Меркіден Шуға дейінгі аралық бірінші санаттағы жол болады. Ары қарай мына Шу қаласынан айналма жолы, одан Бірлік, Бірліктен Бұрылбайтал жолына дейін екінші санаттағы жолға жататын болады.
Дәл осындай проблема атыраулықтарды да әбігерге салды. Атырау-Астрахань тасжолы еліміз Тәуелсіздік алғалы бері мүлдем жөндеу көрмепті. Жолаушылардың жол азабын тартып келе жатқандарына 30 жыл. Ойқы-шойқы жерлермен қатынайтын жүргізушілер: «Әбден мезі болдық», – дейді.
Ізбасар Досақов, Атырау қаласының тұрғыны:
- Екі рет барып келеміз. Астраханьға бір мәрте жөндеуге тұрамыз. Осы келе жатқанда көлігімнің жақтауы ұшып кетті. Жиі жүріп тұрамыз. Мына Астрахань-Атырау жолының салынуын асыға күтіп жүрміз.
Бүгінде Атырау арқылы Ресейге шығатын көптеген көліктер мұнайлы өңірді айналып өтуге мәжбүр. Биыл осы тасжолдың 60 шақырымы ғана жөнделмек. Бұл мақсатқа 26 млрд теңге қарастырылған. Алайда қалғаны қашан қалпына келтіріледі? Мәселе ашық күйі қалып отыр.
Авторы: Самат Қайырденұлы