Жамбыл облысында көктемгі дала жұмыстары басталды
Өңірде көктемгі дала жұмыстары 10 күнге ерте басталды. Қазір Байзақ пен Жамбыл аудандарының шаруалары қызу жұмысқа кірісіп кетті. Дихандарға мемлекет тарапынан 18 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінген. Бұл нарықтағы бағамен салыстырғанда 10-15 теңгеге арзан.
Байзақ ауданына қарасты Дихан ауылдық округінің шаруа қожалығында 731 гектар жер телімі бар. Былтырғы жылы шаруашылыққа тиесілі 130 гектар жерге күздік бидай себілген. Ал биыл шаруалар: «Арпа, бидай мен көкөніс дақылдарының көлемін арттырамыз», – деп отыр. Қазіргі таңда 30 гектар жерге пияз тұқымын сеуіп үлгерген.
Бағдат Момынов, шаруа қожалығы жетекшісі:
- Бізде 260 гектар тәлімдік жер бар. Ол жерге арпа егеміз. 30 гектарға көкөніс, пияз егілді. Ал 34 гектар жерге егісті енді егеміз.
Қырмызы Жексенбек, тілші:
- Биыл шаруалар 673 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді жоспарлап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,5 мың гектарға артқан. Өңірдегі шаруа қожалықтар 500 мың гектар жерді жыртып, өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ол үшін 9 мың бірлік техника қарастырылған.
Ерлан Құлкеев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Техникалардың көктемгі дала жұмыстарына дайындығы 92% құрап отыр. Жаппай көктемгі жұмыс басталғанға дейін техника көлемінің дайындығын 97% жеткізіп, дала жұмыстары атқарылатын болады.
Облыста 30 мың тонна арзандатылған минералды тыңайтқыштарды алуға 1 млрд теңге бөлінді. Ал көктемгі дала төсіндегі қызу тіршілік мамыр айында аяқталмақ.
Авторлары: Қырмызы Жексенбек, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә